Әлеумет

Жастарды қолдау жұмыстары жалғасады

Өңірімізде жастарға көңіл бөліп, оларды жан-жақты қолдау ісі кешенді түрде жалғасын тауып келеді. Осы мақсатта облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов өңірдегі әр саланың белсенді жастарымен кездесті.

Жоғары оқу орындары мен колледждердің жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары, белсенді студенттер мен еріктілер қатысқан кездесуде облыс әкімінің орынбасары белсенді жастармен пікір алмасып, ұсыныстарын тыңдады.

Басқосуда жастар қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, жатақхана, тұрғын үй мен жұмыспен қамту мәселелеріне қатысты сұрақтарына жауап алды. Атап өту қажет, облыс жастарының тарапынан мұндай форматтағы кездесулер жиі өткізіліп тұрады. Мәселен, жыл басынан бері облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен әртүрлі деңгейдегі 10 мыңнан астам іс-шара өткен.

Өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынып, тиісті шешімдер қабылданатындығын жеткізді. Еске сала кетейік, бүгінде облыста 1 миллион 200 мыңнан астам халық тұрса, оның 355 мыңнан астамы жастар санатына жатады.

 

Нұрболат АМАНБЕК