Жаңалықтар

Тазалық сақтауға байланысты тапсырма берді

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев кезекті аппараттық кеңесте «Таза Қазақстан» акциясы аясында құрылған телеграм-боттың жұмысын халық арасында кеңінен насихаттап, тұрғындармен тұрақты түрде кері байланыс орнатуды тапсырды.

Басқосу барысында әуелі қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондардың жай-күйі қаралып, облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев баяндама жасады.

Облыста 163 қоқыс полигоны бар. Осы жылдың 9 айының қорытындысына сәйкес, онда 31,3 мың тонна тұрмыстық қалдықтар жинақталған.

Қалдықтарды жинау, тасымалдау бойынша 32 мекеме қызмет көрсетеді, олар 191 арнайы техникамен қамтылған.

792 контейнерлік алаңда қалдықтарды бөлек жинауға арналған үш түрлі контейнердің 4145 данасы орнатылған. Биыл 608 контейнер сатып алынды.

Өңірде тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауыттарының құрылысын жандандыру мақсатында 4 жобаны іске асыру көзделген. Нәтижесінде қолданыстағы сұрыптау желілерінің қуаты мен қалдықтарды қайта өңдеу көлемі ұлғаяды деп күтілуде.

Жиында аталған басқарма басшысы қалдықтарды басқару жүйесіндегі бірқатар кемшіліктерді атап өтіп, шешу жолдарын ұсынды.

Бұдан бөлек, облыс бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділдә Шыналиев пен экология департаментінің басшысы Арсен Латыпов полигондардың қызметі мен жүргізілген мониторинг қорытындылары туралы хабарлады.

Мемлекеттен беріліп жатқан қолдауларды барынша тиімді пайдаланған жөн, – дей келе, облыс әкімі басқарма мен аудан басшыларының алдына бірқатар нақты міндеттер қойды.

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы күн тәртібіндегі екінші мәселе, яғни аймақты абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау бойынша атқарылған жұмыстың есебін берді.

Қыркүйек айынан бастап Тараз қаласы мен аудандарда екі айлық күзгі санитарлық тазалау жұмыстары басталды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республикалық «Таза Қазақстан» акциясы жалғасуда.

Бүгінге дейін сенбіліктерге 790 мыңға жуық жамбылдық қатысты, оның ішінде тұрғындар, ардагерлер, жастар, үкіметтік емес ұйымдар мен этнос өкілдері бар.

Акция аясында 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумағы, 1 215 шақырым канал мен арық жүйесі, 132 мың аула мен 7,4 мың шақырым көше жолдары тазартылды. 21 546 тонна қоқыс шығарылды. 70 мыңға жуық көшет отырғызылды. Бұл жұмыстарға жалпы 1000-нан аса техника жұмылдырылды.

Ғалым Исақов Тараз қаласы мен Жуалы, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас ауданына зерделеу жүргізіліп, электр бағаналарын сырлау, шөптерді ору, ағаштарды бұталау жұмыстары атқарылмағанын жеткізді.

Облыс әкімі жауаптыларға «Таза Қазақстан» акциясы аясында құрылған телеграм-бот жұмысын күшейтіп, түскен өтінімдерге мерзімінде жауап беру бойынша тапсырма берді. Сондай-ақ, тазалықты сақтау, абаттандыру ісін назардан тыс қалдырмай, аталған кемшіліктерді ретке келтіруді ескертті.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.