Қазақстан Президенті ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысында сөз сөйледі
Мәскеуге жұмыс сапарымен келген Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты.
Қазақстан Президенті дәстүрлі қонақжайлығы және Ресейдің ТМД-ға төрағалық ету барысында нәтижелі жұмыс атқарғаны үшін Владимир Путинге алғыс айтты.
Мемлекет басшысы 1991 жылы Алматы Декларациясының негізінде құрылған ТМД-ның әлеуетін беделді халықаралық ұйым ретінде одан әрі нығайту Қазақстан үшін басты басымдықтың бірі екеніне назар аударды.
Қазақстан Президентінің айтуынша, геосаяси тұрақсыздық пен аумалы-төкпелі халықаралық ахуал жағдайында өтіп жатқан бүгінгі кездесу Ұйым жұмысына тың серпін беруге тиіс.
Президент Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы жаһандық ынтымақтастық пен даму үдерісіне елеулі үлес қосып келе жатқан тиімді өңірлік ұйым ретінде халықаралық деңгейде кеңінен мойындалғанына тоқталды.
Президенттің пікірінше, әлем экономикасында тұрақсыздық белең алып тұрған жағдайда сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелері ұдайы назарда болуға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін ТМД нарықтары қашанда маңызды екенін жеткізді. Еліміздің сыртқы тауар айналымының төрттен бір бөлігінен астамы осы нарықтың еншісінде.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық кооперацияның тиімділігі көлік дәліздерінің дамуымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан негізгі халықаралық бағыттардағы теміржол инфрақұрылымын жаппай кеңейтуге кіріскенін айтты.
Президент цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты жандандыруды перспективті міндеттің бірі деп атады. Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД халықтарының мәдени және рухани байланыстарын нығайту мәселесіне баса назар аударды.
Жоғары оқу орындары мен жастар арасындағы қарым-қатынасты дамыту – бірлескен жұмыстың маңызды бағыты. Мемлекет басшысы студент алмасу және ғылыми тағылымдамадан өту ісін жандандыру үшін «Достастықтың академиялық астанасы» атты жаңа бағдарламаны іске қосуды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Еуразиялық қауіпсіздік тұжырымдамасын бірлесіп әзірлеудің де айрықша мәні бар. Президент мұндай тағдыршешті мәселенің ТМД елдерінде талқылануы орынды деп санайды.
Қазақстан Президенті келесі жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге қатысты ойын жеткізді.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы ТМД-ға Тәжікстан Республикасынының төрағалық ету және кезекті саммитті Душанбеде өткізу туралы шешімді қолдайтынын жеткізді.
Жиында Ресей Президенті Владимир Путин, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.
Akorda.kz