Жалпыға ортақ Жарғантас, Кебекқашқан
Қасиетті Қаратау қаласының тау бөктерінде түйе өркешті жоталар кездеседі. Бастауын таудан алып, жылғалар мен бұлақтар ағып жатыр. Оның ең ірісі – Арбатас өзені. Сол Арбатастан сәл ғана әрірек жүрсеңіз, Жарғантас әулие бұлағы кездеседі. Жарғантас әулие бұлағы бастауын тау етегіндегі Көкбастау сайынан алады екен. Жарғантас жайлы деректер тым аз.
Дегенмен, «Кебекқашқан» адыр атауының тарихын айтуға болады. Осыдан үш ғасыр бұрын Қойгелді батыр мен Хангелді батыр екеуі жоңғар қалмақтарынан атамекендерін азат еткенде төс қағыстырып, дос болған екен. Достықтың белгісі ретінде Хангелді ұрпақтарына Арбатас өзенінің бойы сыйға тартылған деседі. Қазір Шолақтау етегінде «Кебекқашқан» деген адыр бар. Мұндағы Кебек – қалмақтың батыры. Бір шайқаста Қойгелді мен Хангелді бірігіп, Кебектің қалың қолын тас-талқан еткен. Сол шайқасқа біздің елдің батырларын менсінбей келген Кебек батыр ең соңында бас сауғалап, қашса керек. Міне, сол кезден бастап, аталған адырдың бойы «Кебекқашқан» деп аталыпты.
Қазір бұл «Кебекқашқан» адырына қаратаулық мектеп мұғалімдерімен оқушылары көбірек келіп тұрады. Ондағы мақсат – жас ұрпаққа батырларымыздың ерлігін дәріптеу. Сол арқылы жасөспірімдердің отаншылдық қабілетін арттыру. Бұл туралы Ахмет Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Үміт Орманова: «Біз бұл тарихи адырға және басқа да құндылығы басым жерлерге оқушыларды ертіп апарып, өлкеміздің тарихын таныстырып тұрамыз. Мұндай жерлерді көзбен көргеннің оқушыларға да тағылымдық пайдасы мол», – дейді.
Әрине, қарт Қаратаудың қазыналы қойнауы, қатпарлы қыраттары тарихқа тұнып тұр. Бұл да соның бір көрінісі.
Есет ДОСАЛЫ
Талас ауданы