Саясат

Ел ертеңі үшін маңызды қадам

Күні кеше еліміздің тарихындағы төртінші референдум өз мәресіне жетті. Жалпы, ел аумағында айтулы күні 10 мыңнан аса дауыс беру учаскесі жұмыс істеді. Орталық референдум комиссиясының соңғы деректеріне сүйенсек, елдегі дауыс беру құқығына ие 12 миллион 244 мың 683 электораттың 63,87-і бюллетень алып, таңдау жасаған. Саяси науқанда Абай, Ақмола, Ақтөбе облыстарының тұрғындары жоғары белсенділік танытып, дауыс берушілердің келу көрсеткіші көш басынан табылды.

Бұған дейінгі референдумдарда саяси-құқықтық сипат басым болып, конституциялық өзгерістерге қатысты мәселе халық таңдауына ұсынылса, осы жолғысында әлеуметтік нышан айқын көрініс тапты. Әлемдік тәжірибеде референдум аса маңызды саяси шешімдерді шығаруда халықпен санасудың құралы ретінде мойындалған. Тіпті, кейбір елдерде референдум жалпыхалықтық сипат алмаса да, белгілі аймақтарда өткен референдум арқылы билік өзекті мәселелерге байланысты тұрғындардың ой-пікіріне құлақ асады.

Мәселен, әлем елдері арасында жалпыхалықтық референдум өткізу бойынша көш басында тұрған Швейцарияда 1848 жылдан бастап күні бүгінге дейін 500-ден аса референдум өткен. Оның жартысынан астамы XIX ғасырда-ақ жүзеге асырылған. Швейцария билігі референдумға әртүрлі мәселені шығарып отырады. Олардың қатарында елдегі құқықтық қатынасты реттеу, билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктен бөлек көлік, салық, сақтандыру, әскери іс сияқты ірілі-ұсақты мәселелерді де кезіктіруге болады. Тіпті, мұнда экология, еңбек жағдайы, елге шетелдіктердің кіру мәселелері де жалпы халықтың талқысына салынады. Ал, Парламенттің алғаш іргетасы қаланған Ұлыбританияда әу баста референдумды Үкіметтің Парламент алдындағы жауапкершілігін жоятын институт ретінде қабылдады. Өткен ғасырдың басында лордтар партиясы бірінші рет Бюджет туралы заңды қабылдамай тастаған соң референдум өткізу жайында айтыла бастады. Сонда да ел билігі ұзақ уақыт бойы бір шешімге келе алмады. Тек 1975 жылдың 5 маусымында британ билігі халыққа «Біріккен Корольдіктің Еуропа қауымдастығында қалуын қолдайсыз ба?» деп сауал тастады. Ұлыбритания тарихында алғаш рет ұлттық деңгейде өткен референдумға қатысушылардың 64,5 пайызы бұл шешімді қолдайтынын білдірсе, қалған 32,8 пайызы Біріккен Корольдіктің ортақ нарықты болуына қарсылық танытқан. Бұдан соң Ұлыбританиядағы ұлттық референдум араға 36 жыл салып өтті. АҚШ-та әлемдік тәжірибеге сүйеніп, азаматтардың бастамасымен жалпыхалықтық референдумды жиі өткізетін мемлекеттердің қатарына жатады. Әрине, олардың дені штаттардың деңгейінде өтеді. Бұл жағынан АҚШ-тағы штаттық референдумдар саны Швейцариядағы жалпыұлттық референдум санынан да асып түседі. Сарапшылардың пікірінше, елімізде де жалпыхалықтық таңдау жүйесі ойдағыдай дамыса, алдағы уақытта өңірлік референдумдарды да өткізіп, облыстардағы өзекті мәселерді жергілікті халық құзырына ұсынуға болады.

Саясаттану ғылымында референдумның жалпыұлттық, жергілікті, міндетті және факультативті сияқты негізгі түрлері бар. Сондай-ақ, оның Парламентке дейінгі және кейінгі, парламентішілік түрлеріне сипаттама берілген. Әлемдік тәжірибеде көп жағдайда конституциялық референдум қолданылады. Референдумның бұл түрінде дауыс берушілер біздегідей негізгі заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға қатысты таңдау жасайды. Дания, Ирландия сияқты елдерде Конституцияға енгізілген әр өзгерісті халықтың талқысына салу тәжірибесі бар.

Ал, күні кеше өткен референдум еліміздің болашақ даму жолын сарапқа салған жалпыұлттық дискуссия болғаны анық. Мұндай саяси процедура қоғамның мәдениетін шыңдап, демократиялық элементтердің қарқынды дамуына жол ашады. Еске сала кетейік, референдум нәтижесі дауыс беру аяқталған күннен кейін жеті күн ішінде жарияланады. Орталық референдум комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша қазақстандықтардың 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдап дауыс берген.

 

Нұрболат АМАНБЕК