Әдебиет

Орны бөлек ұстаздың...

Орны бөлек ұстаздың..

Орны бөлек ұстаздың бұл өмірде,

Жетелеген шәкіртін гүл өңірге.

Еңбегі мен есімі ешқашан да,

Ұмытылмай тұрады жүрегімде.

 

Орны биік ұстаздың бұл өмірде,

Тілекшім де ұстазым, тірегім де.

Егер жарық бермесе білімменен,

Қалар ем сауатсыздық түнегінде.

 

Баға жетпес ұстазға бұл жалғанда,

Бағыттайтын шәкіртін нұрлы арманға.

Үйретуден, демеуден жалықпайды,

Үйренуге талпынып тұрған жанға.

 

Дүниені біліммен өрнектеген,

Өлшеусіз ғой ұстаздық еңбек деген.

Білетінім әйтеуір білім үшін,

Мұғалімдер кемде-кем тер төкпеген.

 

Түсінбестер оқуды «ермек» деген,

Тәрбиесіз, білімсіз төрге өтпеген.

Кездеспесем егерде жақсы ұстазға,

Сыймас едім білімсіз жер-көкке мен.

 

Ұстаз менің екінші ата-анамдай,

Ұрысса да тұрушы ем қапаланбай.

Мектебімнен қайтушы ем ұстазымнан,

Бағасымен қоса бір бата алғандай.

 

Сол бағамен, батамен өрлеп келем,

Сөз естимін бұл күнде «Төрлет!» деген.

Алғыс айтып өтемін ұстазыма,

Тәрбие мен білімге шөлдетпеген.

Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,

ақын.