Мәдениет

Дәуірлер үнін жаңғыртқан даңғыра

Сарысу аудандық Төкен Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музейі жәдігерлерге өте бай. Қазіргі таңда мұнда 5946 жәдігер бар. Музей меңгерушісі Эльмира Көкішеваның айтуынша, мұндағы әрбір зат, деректер қастерлі. Ауданның тарихы, аудан аумағынан әр кездері табылған заттар келушілер үшін өте құнды.

Музейге шеберлер өз қолымен бұйым жасап, сыйға тартады екен. Мәселен, Игілік ауылының тұрғыны, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Балтабай Дәуірбеков даңғыра аспабын жасап, 2010 жылы аталған музейге сыйға тартқан.

Жалпы даңғыра аспабын баршамыздың естуіміз бар. Ол – қазақ халқының көне ұрмалы музыкалық аспабы. Бұл аспап түрі де керней, дабыл сияқты кеңінен пайдаланылған. Даңғыра аспабының үні жаугершілік кезінде сарбаздарды жинап, сапқа тұрғызуға, ұрандатуға, шайқасты тоқтатуға бағытталған. Мұнан бөлек даңғыра дыбысының емдік қасиеті жоғары. Ол адам бойындағы жағымсыз энергияны тазалайды.

Бұл даңғыра ағаштан иіп, доғал етіп жасалған. Ортасына терімен бекітіліп орнатылған. Аталған жәдігердің маңыздылығы қазіргі таңда ел ішінде жүрген қарияның өзі жасап, музейге тарту етуі. Бұл көне дәуірлерден келе жатқан аспаптың сақталуына, жас ұрпақтың санасында жатталуына оң әсер беретіні анық.

Біз даңғыраны жасаған ұста Балтабай Дәуірбековті сөзге тартқан едік. Ол: «Музейде алуан-алуан зат тұрады. Құндылықтары әртүрлі. Кешегі ат үстінде күн кешкен бабаларымыз пайдаланған даңғыра аспабы ұмытылып кетпеуі тиіс. Қазір даңғыра аспабы көп жерде қолданылмайтыны жасырын емес. Сондықтан, өз қолыммен даңғыра жасап, жас ұрпақ көзбен көріп, аспаптың мән-мағынасын сезініп жүрсін деп музейге тарту еттім», – деді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Сарысу ауданы