Әлеумет

Жастардың тың бастамалары назардан тыс қалмайды

Заң үстемдігі орнаған Әділетті Қазақстанды құру жолында азаматтық қоғамның дамуы аса маңызды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», деген болатын.

Президенттің бұл сөзінен халық пен атқарушы биліктің ортақ мүдде орайында ықпалдасуының, қоғамдағы белсенділігі жоғары адамдардың заң шеңберінде бірлескен іс-қимылының маңыздылығын аңғаруға болады. Себебі, азаматтық қоғамның белсенді болуы адам капиталын, әлеуметтік-экономикалық дамудың, демократиялық құндылықтардың ел игілігіне айналуының негізгі алғышарттарының бірі.

Азаматтық қоғам институттарының дамуы үшін мемлекет бұл процестің жасампаздық сипатта өрбуіне, азаматтардың саяси белсенділік танытуына қажетті жағдайлар жасап, қолдауы қажет. Бұл тұрғыда ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетудің мемлекеттік тұжырымдамасы жасалған. Тұжырымдама аясында өңірімізде де қоғамдық бірлестіктермен бірлескен жұмыстар жүйелі түрде жалғасын тауып келеді. Мәселен, Жамбыл ауданында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастардың әлеуетін арттыру, оларға кеңес беріп, бос уақыттарын тиімді өткізу мақсатында түрлі бағытта іс-шаралар кешені тұрақты жүргізіледі.

80 мыңнан астам тұрғыны бар Жамбыл ауданының 30,4 пайызын жастар құрайды. Сондықтан олардың толғандырған мәселелері мен тың бастамалары ешқашан назардан тыс қалған емес. Мәселен, мұнда жастарды қолдау, олардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында облыстық альпинизм федерациясы «Геккон» спорттық-туристік клубымен бірлесе бірқатар жұмыстар атқарылып тұрады. Атап айтсақ, өткен жылы Жастар ресурстық орталығы облыстық альпинизм федерациясы «Геккон» спорттық- туристік клубының қолдауымен Жамбыл ауданының 95 жылдығы және Ш.Ниязбековтің 85 жылдығына орай, «Шәкен шыңы» атты спорттық-туристік альпиниядасы өткен. 12 адамнан тұратын альпинистік топ Жарлысу тауының шыңын бағындырып, аталған шыңға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туының авторы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Шәкен Ниязбековтің атын берген.

Бұдан бөлек, аталған қоғамдық бірлестікпен ауданда бірқатар жұмыстар жүзеге асқан.

Сонымен бірге ауданда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділікті арттыру мақсатындағы әлеуметтік тапсырыс аясында «Адал қоғам» қоғамдық бірлестігі жұмыс атқарады.

Былтыр аталған бірлестікпен барлығы 24 іс- шара өткізіліп, екі мыңға жуық адам қамтылған. Аталған іс-шараларды қамту барысында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамытуға бағытталған іс-шаралары халықтың барлық топтарымен жүргізілген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған 1000 дана таратпа материалдар және аудан тұрғындарынан 500 адамнан сауалнама алынып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған 1 бейнеролик әзірленген. «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында әртүрлі сала ұжымы мен түрлі кездесулер, семинарлар мен әртүрлі байқаулар өткізілген. Атап айтсақ, «Парасаттылық және адалдық академиясын қалыптастыру» тақырыбында педагогтермен 5 семинар кездесу өткізіліп, сонымен қатар «Сыбайлас жемқорлықтан бас тарту – бірлік пен адамгершілік» атты діни қызметкерлер арасында және ассамблеямен дөңгелек үстел, «Адал көмек» жобасы аясында 15 тікелей эфир ұйымдастырылған. Одан өзге онлайн және офлайн форматтағы қабылдаулар жүргізілген.

Ауданда «Аса – адалдық алаңы» жобасы аясында студенттер арасында «Бірінші бол» акциясы, бастауыш сынып оқушылары арасында «Адал еңбек жемісі» атты іс-шара биылғы жылы да өз жалғасын тауып отыр.

Ауданда жастар шығармашылығын қолдау бағытындағы жұмыстар да ұмыт қалмаған. Биыл мұнда «Адалдық алаңы» қоғамдық бірлестігі, облыстық «Ақындар одағы» Жастар ресурстық орталығымен бірлесе «Адалдықты жырлайды азат елдің ақыны» атты облыстық жастар айтысы өткен болатын. Шараға белгілі айтыскер ақын Айтмұханбет Исақов, «Әділдік жолы» РҚБ ЖОФ басшысы Назима Жұбандықовалар қазылық етіп, нәтижесінде тараздық Дидар Апбасов бас жүлдеге лайық деп танылса, аудан намысын қорғаған Елібек Нұрмағамбетов екінші орынды қанжығасына байлапты. Ал, Тараз қаласынан келген Медеу Мырзатай мен Байзақ ауданынан қатысқан Дархан Әбдіманат үшінші орынды иеленген еді.

Жастар ресурстық орталығының басшысы Жандар Тоқсабаның сөзінше, аудандағы түрлі волонтерлік іс-шараларға да еріктілер тұрақты түрде араласуда. Аталған орталықтың басшысы алдағы уақытта үкіметтік емес ұйымдармен өзара тығыз қарым-қатынас орнатылып, іс-шараларды тұрақты жүргізу жоспарда екенін жеткізді.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Жамбыл ауданы