Тұрғындардың талап-тілегі ескеріледі
Күні кеше Елордада өткен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының екінші республикалық форумында Мемлекет басшысы мәслихаттар жалпыұлттық міндеттерді жүзеге асыруға үлес қосуы керектігіне баса мән беріп, жергілікті өкілетті органдардың құзыретін арттыру бағытындағы жұмыстардың жалғаса беретіндігін жеткізген болатын. Сонымен бірге ел Президенті мәслихаттардың халық пен билік арасындағы алтын көпір екендігіне тоқталып, депутаттардың азаматтық қоғам құндылықтарын арттыру, қоғамдық диалог орнату мақсатында сайлаушылармен үнемі кері байланыс орнату қажеттігін баса айтты. Ал, бүгінде өңірімізде аудандық мәслихат депутаттарының сайлаушылар алдында есеп беру кездесуi өтіп жатқаны белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстар Жамбыл ауданында да жалғасын тапқан.
Белгіленген кестеге аудандық мәслихаттар депутаттарының тұрғындармен кездесуі аумақтық шекаралық бөлінісіне қарай жүзеге асуда. Осыған орай аудандық мәслихат депутаты Эльмира Бегалиева Қаратөбе ауылдық округі тұрғындарымен кездесті. Алдымен аудандық мәслихаттың төрағасы Мұхтар Шайдаев аудандық мәслихатта атқарылған жұмыстарға тоқталып, Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауындағы еліміздің әлеуметтік- экономикалық дамуына бағытталған маңызды міндеттерге кеңінен тоқталды. Мұнан соң, аудандық мәслихаттың депутаты Эльмира Бегалиева қаратөбеліктердің алдында сайлауалды бағдарламасы аясында атқарған жұмыстарын егжей-тегжейлі баян етті.
Атап айтсақ, депутат тұрғындардың игілігіне, ауылға қатынайтын автобус мәселесі, ауылға кіреберіс және Қызылшарық ауылына өтер тұсқа бағдаршам және шешімін таппай жүрген ауыз су мәселесінің де қазіргі таңда жұмыстары басталып жатқанын атап өтіп, су құбырлары тартылып біткен соң, артынан міндетті түрде жолдарға асфальт жабындысы төселетіндігін жеткізді. Есепті мерзімде халық қалаулысы тұрғындарды толғандырған проблемаларға байланысты 6 депутаттық сауал жолдап, оның 5-еуі оң шешімін тапқан. Сонымен қатар, 30-ға жуық қоғамдық қабылдаулар өткізіп, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін назарға алған.
Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың депутаты Шахан Байкенжеев те Қарой ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, есеп берді. Ол сайлауалды бағдарламасы аясында атқарған жұмыстарына тоқталып, алдағы мақсат-міндеттерді сөз етті. Осыған дейінгі уақытта халық қалаулысы тұрғындарды толғандырған проблемаларға байланысты 9 депутаттық сауал жолдап, оның 7-еуі оң шешімін тапқан. Сондай-ақ, ол 30-ға жуық қоғамдық қабылдаулар өткізіп, тұрғындардың ұсыныс- пікірлерін назарға алған.
Бұдан өзге бекітілген кестеге сәйкес, аудандық мәслихаттың депутаты Дамира Дармағамбетова Гродеково, Қызылдихан ауылдарында болып, жергілікті жұртшылықпен кездесті. Кездесуде Дамира Болатқызы сайлауалды бағдарламасы аясында жолдаған 8 депутаттық сауалдың 5-еуі оң шешімін тапқанын тілге тиек етіп, тұрғындар тілегі әрдайым назарда болатындығын жеткізді.
Депутатты зейін қойып тыңдаған ауыл тұрғындары халық қалаулыларының жұмысына оң бағасын беріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Сайлаушылар алдында есеп беру жұмыстары Қаракемер ауылында да жалғасты. Аудандық мәслихат депутаты Бақытжан Наметулла мәслихат заңнамасы мен регламентіне сәйкес, сайлауалды бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстары жөнінде Қаракемер ауылы тұрғындары алдында есеп бердi.
Есеп беру барысында халық қалаулысы көтерілген мәселелердің оңтайлы шешімін табу бағытындағы жұмыстарға тоқталып, сайлаушылар тарапынан айтылған сұрақтар мен ұсыныс-пiкiрлерді тыңдады.
Жамбыл ауданы