Денсаулық

Тісі ауырмағанның ақшамен ісі болмайды

Біздің халық тісі ауырғанның көңілін сұрамайды. Бір қарағанда, болмашы сырқат көрінгенімен, тісің сыздаса жаның сонда тұрғандай боласың. Бірақ қалтаңда қаражат болмаса жүгіріп барып, ем алу елімізде сәл қиындау. Себебі, сыздаған тісті емдету – медициналық қызмет түрлерінің арасындағы ең қымбаты.

Стоматологтар бағаның бұлай аспандауын құрал-жабдықтардың, пломбалық, емдеу материалдары құнының тым жоғары болуымен түсіндіреді. Бұл өз кезегінде елімізде стоматологиялық шикізаттар өндірісінің жолға қойылмағандығын көрсетсе керек. Тісі ауырмайтын адам кем де кем. Тісі шыққан баладан бастап орта жастан асқан егде кісілерге дейін стоматологқа жүгініп жатады. Ал, мемлекеттік медициналық емханаларда арнайы тіс дәрігерінің бөлмесі болғанымен қызметі шектеулі, яғни науқастарды ақылы түрде емдеуге басымдық берілген. Көшедегі аттап басқан сайын кездесетін жекеменшік стоматологиялық мекемелердің тіс емдеу, тіс жұлу, ортопедия, тіс косметологиясы, ортодонт және басқа да қызметтерін санап үлгермейсің. Ал, бағасының қымбаттығы жағынан бірінен бірі өтеді. Неге? Қазақстанда кепілдендірілген медициналық қызмет көрсету бойынша 18 жасқа дейінгі балаларға, мүгедектер мен әлеуметтік жағдайы төмен жандарға, жүкті келіншектерге ғана кейбір жеңілдіктер қарастырылған. Бұл санатқа кірмейтіндердің қалтасында қомақты қаржысы болуы шарт. «Стоматология саласы жеке сектор болғандықтан, біз оның жұмысына араласпаймыз. Шығынның барлығы нарықтың талаптарына қарай белгіленеді. Тіс дәрігерлері, мейлі ол орта немесе жоғары білімді болсын, осы уақытқа дейін жұмыс істеп келген және істей береді» дейді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері.

Бір қызық жайт, ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында елімізде стоматология саласындағы қызметтер көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44,3 пайызға артып, 48,8 миллиард теңгеге жеткен. Ал өткен жылы дәл осы уақытта бұл көрсеткіш 33,8 миллиард теңгені құраған еді. Өңірлер бойынша саладағы қызметтердің ең көп көлемі Алматыда көрсетілген. Онда сома 12,4 миллиард теңгеге жетіп отыр. Одан кейін Астанада 11,8 миллиард теңге және Ақтөбе облысы 2,3 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қызметтер көлемінің көрсеткіші Шымкентте 95,3 пайызға, сондай-ақ Жамбыл облысында 74,4 пайызға және Қызылордада 61,8 пайызға артқан.

Бағаларға келетін болсақ, ағымдағы жылдың тамыз айында стоматологиялық қызметтер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5 пайызға қымбаттаған. Атап айтқанда, жергілікті ауырсынуды басатын тіс жұлу қызметтері 17,4 пайызға, тіс жегісін емдеу 15,4 пайызға, тістерді протездеу 8,7 пайызға және тіс шөгінділерін жою 7,3 пайызға қымбаттады. Айта кетейік, Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі Азаматтарға стоматологиялық қызметтерге ақы төлеу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалануға тыйым салу идеясынан бас тартты. Бұған дейін жұртшылықтың пікірін талқылау және есепке алу үшін стоматологиялық қызметтерге зейнетақы қаражатын алуды тоқтата тұруды көздейтін бұйрық жобасы жарияланған болатын. Алайда, көптеген өтініштерге байланысты министрлік өз жоспарларын қайта қарап, стоматологиялық қызмет көрсету рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тетік әзірлеуде.

Назар аударатын нәрсе, стоматологтардың қызметтеріне қазақстандықтардың денсаулық сақтауға жұмсайтын барлық шығындарының төрттен бірінен астамы тиесілі. 2023 жылы қазақстандық отбасылар стоматологиялық қызметтерге орта есеппен 25,3 мың теңге жұмсаған. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда бірден 25,4 пайызға артып кеткен. Бұл сектордағы шығындардың 2019 жылдан бергі ең жоғары өсу көрсеткіші. Мұндай деректерге қарап отырып келешекте мемлекет жеке сектордағы стомотология қызметін өз бақылауына алмаса, тіс ауруы өзекті мәселеге айналарын болжау қиын емес.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ