Білім

Бар ғұмырын білімге арнаған

Ол кезде ауылдағы ең зиялы адам мұғалім болатын. Сондықтан, мектептегі балалардың басым көпшілігі мұғалім болуды армандаушы еді. Сол арманшылдардың бірі – Болысбек Кемежанов. Арманға жету үшін сабақты жақсы оқу керек. Оқу-білім ғана болашаққа жол ашпақ.

Болысбектің бойындағы бір ерекше қасиет – ол кішкентайынан әр істі кесте бойынша атқаруға қалыптасқан. Таңертеңгі ұйқыдан тұрғаннан әр уақыты есептеулі. Сабақ оқуға да, үй шаруасына көмектесуге де, бәрі-бәріне уақыт табады. Бала болып көп ойнау жоқ. Ал, оқуға ынтасы ерекше. Үнемі кітаптан бас алмайтын.

Оны есеп-қисап, қимыл-қозғалысқа қатысты тәжірибелер, аспан әлемі қатты қызықтыратын. Сол қызығушылықтың әсері шығар, мектептен кейін 1964 жылы сол кездегі Қазақстандағы оқудың төресі Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп кетті. Оны «талапты ерге нұр жауар» дейміз бе, жоқ «жыртық үйдің Құдайы бар» дейміз бе, әйтеуір бір сәттілік. Олай дейтініміз, Болысбектің әкесі ол әлі мектепке бармаған кезінде қайтыс болған екен. Анасы Мөржан талантты ұлдың жолында өмірін құрбан етуге бар. Болысбектің оқуына, ізденуіне еш кедергі жасаған жоқ. Базбіреулер сияқты, баласын анаған, мынаған жұмсап ығыр еткен емес. Керісінше, Болысбегі сабаққа дайындалып отырғанда ол атқаруға тиіс жұмысты өзі-ақ істей салатын. Бар тілеуі баласында. Сол оқып, адам болып кетсе, болғаны.

Анасының сол тілегін Құдай қабыл етіп, оқуға түсіп кеткен Болысбек Кемежанов 1969 жылы ҚазПИ-дің физика факультетін бітірісімен туған ауылына тартқан. Қолында – жоғары білімді мұғалімнің табақтай дипломы. Енді ауылдағы анасына нанын жегізіп, шәкірттер тәрбиелемек. Оның о бастағы арманы да осы еді.

Төрт жыл студенттік өмірінің басым бөлігін институт кітапханасында, қала берді Пушкин атындағы республикалық кітапханада кітап оқумен өткізген Болысбек оқуды озаттар қатарында бітірді. Оған институт аспирантурасында қалуға ұсыныс та жасалған. Болысбек отбасы жағдайын ойлады.

Бірақ, Болысбектің бойындағы білімге, білуге құштарлық жоғалған емес. Әйтеуір, әрқашан ізденіс үстінде жүретін. Соның нәтижесі – ойлылар ойыны шахматтың жаңа нұсқасын ойлап тапқаны. Ауыл мұғалімінің өте күрделі ойын шахматтың жаңа нұсқасын ойлап табуы – нағыз өнертапқыштық.

Не керек, осындай үздіксіз, тынымсыз ізденістің нәтижесінде 100 шаршылы шахматтың теориялық негіздемелері жасалынып, ол көпшілік талқысына түсіп, ойлы ойыншылар мен ғалымдар тарапынан қолдау тауып, ақыры кітап болып жарық көрген. Өнертапқыш Болысбек Кемежановтың 2012 жылы жарық көрген «Шахмат жасаудың математикалық негіздері мен әдістері» атты еңбегіне физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Нарғозы Данаев пен Қазақстанның Еңбек Ері, математик, білім беру ісінің үздігі Аягүл Миразова пікір жазған.

Өнертапқыш Болысбек Кемежановқа осы ашқан жаңалығы үшін Энергетика, индустрия және сауда министрлігі авторлық құқықтар жөніндегі агенттігінің интеллектуалдық меншік нысанының №633 куәлігі берілген. Мемлекет басшысы бір сөзінде болашақта мектептерде шахмат туралы дәріс беру керектігін айтып қалған еді. Мүмкін, балалардың ой-өрісін дамытуда үлкен рөл атқаратын бұл іс енді қолға алынатын шығар...

Біздің кейіпкеріміз Б.Кемежанов – бала тәрбиесі мен білім беру ісіне саналы ғұмырының 44 жылын арнаған жан. Өзі түлеп ұшқан А.Дәулетбеков атындағы мектепке тастай батып, судай сіңген ұстаздық жолында жеткен жетістіктері де аз емес. Оның ең басты жетістігі – елге еңбек сіңіріп жүрген шәкірттері. Ол өзі дәріс берген физика-математика ғылымдарының кандидаттары Ғалия Пшаева-Естаева мен Дархан Кенжебековті, химия ғылымдарының кандидаттары Әбдірахман Сейдаев пен Хамит Әбдешовті, заң ғылымдарының кандидаты Нұрбек Аманжоловты, PhD докторы Дастан Айтөлековті, жоғары санатты дәрігер Манас Әзімбаев сынды шәкірттерін мақтан етеді.

Болысбек Кемежанов 1976-1986 жылдары өндірістен қол үзбей сырттай оқыту және кешкі мектеп директоры болғанында оқушыларына жоғары талап қоятын.

– Сендер сырттай немесе кешкі мектепте оқып-ақ орта білім туралы аттестат алсақ болғаны да деп ойламаңдар. Білім – ешқашан ескірмейтін дүние, ең қымбат байлық, – деп отыратын оқушыларына.

Болысбек Кемежанов бүгінде Тараз қаласында тұрып жатыр. Оның отбасын «педагогтар әулеті» деп атауға лайық. Оның жары Бейсенкүл Тойшыманқызы да мұғалім болған. Институтты Болысбекпен бірге бітіріпті. Бүгінде зейнеткер. Олардың ұлдары Есімжан, Амангелді, қыздары Салтанат әке-шеше жолымен мұғалімдік мамандықты таңдаған.

Қазір ұл-қыздарынан немере-шөберелер сүйіп отырған бақытты ата мен әже.

«Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға», – деп ұлы Абай жырлағандай, жарты ғасырға жуық жалықпай ұстаздық еткен Болысбек Кемежанов ешқашан мақтау, марапат дәметкен жоқ. Дегенмен, оның еңбегі атаусыз емес. «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін», «Талас ауданының Құрметті ардагері», «Мәслихаттарға – 25 жыл» төсбелгілері жарқырайды омырауында. Одан бөлек облыстық, аудандық білім бөлімдері, мектеп басшылығы тарапынан да Грамоталармен, Алғыс хаттармен марапатталған.

Жуырда Қаратау қаласында өткен Талас ауданы мұғалімдерінің тамыз кеңесінде аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков ардагер ұстаз Болысбек Кемежановтың омырауына Оқу-ағарту министрлігі тарапынан берілген салалық «Еңбек ардагері» медалін тақты.

Міне, біздің ұстаздар мерекесі – Мұғалімдер күнінде ұстаз, өнертапқыш Болысбек Кемежанов туралы айтқымыз келгені осы.

 

Әзімбек ТІЛЕШЕВ,

Тараз қаласының тұрғыны.