Әлеумет

Әйгілі өнерпаздар әуені

Облыс әкімдігінің ұйымдастырумен, Жамбыл облысының 85 жылдығына орай Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында «Күзгі әуен» классикалық өнер кеші өтті.

Бұл жолы Әулиеата топырағына Шымкент қалалық опера және балет театрының симфониялық оркестрі қонаққа келді. Оркестрдің дирижері –Мади Өмірзақов. Концерт аталған симфониялық оркестрдің орындауындағы «Қыз қуу» (Увертюра) шығармасымен басталды. Сахнаға әлем операсының алтын дауыс иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Майра Мұхамедқызы шыға келгенде көпшілік қол соғып, құрмет көрсетті. Әйгілі әнші халық әндері «Бүлдірген», «Гүлдерайымды» керемет шеберлікпен орындады. Танымал әнші жиналған зиялы қауым мен көпшілікті Жамбыл облысының 85 жылдығымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Аталған кешті тамашалауға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов елдің абыройына бөленген әнші Майра Мұхамедқызына гүл шоқтарын ұсынып, құрмет көрсетті.

Айгүл Азатова орындаған «Бұлбұл», Айбек Қанатбек пен Салтанат Жұмаділдаева орындаған «Тербеледі тың дала» әндерін де көпшілік зор ықыласпен тыңдады. Жұмабек Қаңтарбаев орындаған Илья Жақановтың «Даниярдың әні» шығармасы да тыңдарманға ой салды.

Ғазиза Жұбанова атындағы шекті аспаптар квартеті де жиналған көпшілікке қуаныш сыйлады. Өнерпаздар Моцарт, Вивальди сияқты әйгілі тұлғалардың шығармаларын орындап, классикалық деңгейде өнер көрсетті. Аталған квартет Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай» Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», күйлерін орындағанда, көпшілік ерекше ризашылық білдірді.

Кеш барысында Муслим Магомедов, Жұлдыз Мұсаева тыңдарманға тамаша әндерін тарту етті. Сондай-ақ, Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі, дүниежүзілік фестивальдердің жеңімпазы Сүндет Байғожин Жюль Массненің «Иродиада» операсынан Иродия ариясын жоғары деңгейде орындаса, осы орындаудағы Төлеген Мұхамеджановтың «Отан» әнімен классикалық өнер кеші мәресіне жетті.

Сахнаға облыс әкімінің ықылас гүлі қойылды. Көпшілік те әйгілі өнерпаздарға құрмет көрсетті.

 

Есет ДОСАЛЫ