Президент мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтады
Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, аса жауапты әрі қастерлі міндетті абыроймен атқарып жүрген педагогтерге алғыс айтты, деп хабарлайды aqjolgazet.kz Ақордаға сілтеме жасап
Сонымен қатар еліміздегі оқу-ағарту саласын дамыту жолында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде білім саласындағы үздік мамандарды, яғни нағыз көшбасшыларды іріктеу жобасы жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Қазірдің өзінде аталған жобаға қатысқан 134 педагог мектеп директоры болып тағайындалған. Бұдан бөлек, Президент білім сапасын арттыру, балаларды үйлесімді және жан-жақты дамыту үшін мемлекет тарапынан қолға алынған жүйелі шараларға назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев саналы ұрпақ тәрбиелеу ісіне ұстаздармен бірге ата-аналар да атсалысуы қажет деп санайды. Бұл орайда, Президент мұғалімдердің пандемия, су тасқыны кезінде оқу үдерісін тоқтатпай, міндетін адал атқарып, елге жанашырлық танытқанын мысал етті.
Мемлекет басшысы Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбегі ерен мұғалімдер жеткілікті екенін атап өтіп, алдағы уақытта олар да назардан тыс қалмайтынын айтты.
Жиын соңында Мемлекет басшысы білім беру ісіндегі аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ педагогке «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын тапсырды.