Әлеумет

Жас сарбаздар аналармен жүздесті

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаменті Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармаларына қарасты жоспарланған «Бесағаш», «Жасөркен», «Айша бибі» шекара және шекаралық бақылау бөлімшесінде «Ұрпақ тәрбиесі – ұлтымыздың ортақ мүдделі ісі» тақырыбында тәрбиелік-идеологиялық жұмыс жүргізілді.

Онда шекара бөлімшелерінің жеке құрамымен Тараз қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы Аналар алқасының төрайымы, облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының қызметкерлері кездесіп, пікірлесті. Тағылымы мол жиынға Тараз қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы Аналар алқасының төрайымы, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының профе ссоры, педагогика ғылымдарының докторы Жанат Сарыбекова, облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы «Әдіснама және ақпараттық-ағарту» бөлімінің басшысы Гүлнара Нарболдиева, орталық психологы Аида Назымбекова қатысты.

Кездесу барысында ұлттық құндылықтар, мәдениет, тіл төңірегінде кеңінен әңгіме өрбіп, бүгінгі буынның тәрбиесі, ұлттық идеологиямызға жат дүниелерден алшақ болу туралы орамды ойлар айтылды. Сондай-ақ, басқосуда Тараз қалалық Аналар алқасының төрайымы Жанат Сарыбекова «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» атты баяндамасында ұлттық психология, отбасы құндылықтары төңірегінде ой өрбітті. Өз шаңырақтарының үмітін арқалап, Отан алдындағы азаматтық парызын өтеуге келген жас қырандардың отбасыларына абыроймен оралуларына аналар қауымы шын тілектестік білдірді.

Келешектің кемелдігін көздеген тәрбиелік іс-шара өнегелі өсиетпен өрілді. Жас сарбаздар да өз ойларын ортаға салып, аналармен кеңесті.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА