Саясат

Ардагерлер белсенді болуға шақырды

Облысымыздың белсенді ақсақалдары Шу аудандық Amanat партиясының ғимаратында ауданның ардагерлерімен жүздесіп, алдағы саяси науқан төңірегінде ой бөлісті.

Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, мемлекетіміздегі әрбір ірі оқиғалардың әр тұрғынға әсері бар екенін айта келіп, қонақтарды таныстырып өтті. Мұнан соң «ЖаңаРу» республикалық қозғалысының облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев жақында Түркия мемлекетіне барып келген сапарынан сөз бастап, ол елде де ең ірі атом электр стансасы салынып жатқанын айтты. Қасымхан Естемесұлы: «Түркияның оңтүстік жағалауындағы Мерсин провинциясында «Аккую» атом электр станциясы салынып жатыр. Келесі жылы «Аккую» атом электр стансасының бірінші реакторын іске қосады екен. Бұл нысан әлемдегі ең үлкен станса болмақшы. Мұнда ресейлік ғалымдардың жетекшілігімен 4 реактор тұрғызылады. Қазір 4 энергоблоктың құрылысы қатар жүріп жатыр. Бұл станса елдің оңтүстік аймағының дамуына үлкен серпін береді. 2010 жылы Ресей мен Түркия Үкіметі арнайы келісімге қол қойған екен. Құрылысты келісім аясында ресейлік «Росатом» корпорациясы 2018 жылы бастады. Құрылыс жұмыстары күндіз-түні тоқтаған емес. Шамамен 34 мың адам жұмылдырылған. Құрылыс алаңында бетон мен арматура өндіретін зауыттардан бөлек, тікұшақ қонатын алаң мен жүк түсіретін кеме айлағы бар.

Атом электр станциясы 50 жылдан аса жұмыс істейді. Демек, жергілікті мамандар кемі 50 жыл жұмыспен қамтылады және ең бастысы, құрылыс кезінде жақын маңдағы инфрақұрылым дамиды. Станса ғимараты сыртқы әсерлерге төзімді, қауіпсіздігі өте жоғары. Ол биіктігі 10 метр болатын цунамиге, магнитудасы 9 балдық жер сілкінісіне төтеп береді. АЭС толық қуатына шыққанда сағатына 35 миллиард кВт электр энергиясы өндіріледі. Яғни, Түркиядағы энергия қажеттілігінің он пайызын немесе 15 миллион тұрғыны бар Ыстанбұл қаласын тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Халықтың өсуі мен жұмыс күшінің келуімен 20 мың жаңа тұрғын үй салынды. Өңірдің өнеркәсібі белсенді дамып келеді. Бірақ, жұмыс күшінің жетіспеушілігі байқалады. Себебі, көп адамдар АЭС құрылысында жұмыс істеуді қалайды. Мұндай мүмкіндікке біздің мемлекетіміз де жетуі керек. Мемлекетімізге пайдасы мол атом электр стансасын салуды қолдауға шақырамын», деді.

Жиында педагогика ғылымдарының докторы Махметғали Сарыбеков өз ойын білдірді. Басқосуға ақын, Мәдениет саласының үздігі Үміт Битенова белсенді қатысып отырды. Кездесуде шулық ақсақалдар да өз пікірлерін білдірді. Шу ауданының Құрметті азаматы Қазақбай Байжұманов атом электр стансасының қауіпсіздік жағдайына, экологияға залалды болмауына алаңдаушылық білдірді.

Жиынды Еркінбек Солтыбаев қорытындылап, ешқандай алаңдауға негіз жоқ екенін, қазір технология терең дамып кеткенін айтып, шулық ардагерлерді референдумға толық қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы