Шекара шебінде жазылған хат
Өңірімізден әскери борышын өтеуге жүздеген азаматтар жіберіліп жатады. Оның ішінде көпшілігі өз қалауларымен барады. Себебі, олар «нағыз жігіт – өз Отанын қорғаған жігіт» деп есептейді. Сондай жерлесіміздің бірі – қордайлық азамат Нұрдос Смақ. Нұрдос та қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданының аумағындағы Шекара басқармасында әскери борышын өтеп жатыр.
Әскердегі өмір туралы ақын Сырбай Мәуленов:
Кең далада ұшады өр дауыстар,
Айбынынан қалтырайды алыс жар.
Ту боп толқып, жай боп ойнап жарқылдап,
Жер үстінде солқылдайды марштар, – деп жырласа, ақын Шашубай Қошқарбайұлы:
Біздің қызыл Армия, дұшпанның жолын байлаған,
Жаудан сыбыс естілсе, бурыл ала бұлттай қайнаған, – депті. Әскери өмірді бейнелейтін мұнан да басқа рухты өлеңдер жеткілікті. Ең бастысы, жас сарбаз Нұрдос Еркінұлының бойында патриоттық сезім мен асқақ рух бар. Міне, сол қайсарлық оның әскерде сапалы қызмет етуіне ықпал етері анық. Сол қайсар рух барша қазақ азаматтарының бойынан табылса дейміз.
Қазіргі таңда перзенттері әскерге кеткен ата-ана ерекше қуанады деп айта алмаймыз. Тілеуін тілеп, қимай шығарып салатыны анық. Дегенмен, борышын өтеу – әр азаматтың міндеті. Мұны сонау Күршімнің жерінде Шекара басқармасында әскери борышын өтеп жүрген Нұрдос Смақ жақсы түсінеді. Ол анасы Құралай Сүймановаға жазған алғашқы хатында: «Анашым, міне, әскери борышымды өтеуге келдім. Мұнда тәртіп, тамақ, барлығы жақсы. Әскер болған соң қиындығы болады. Қиындығы болатынын сезініп, іштей дайындалып келгенмін. Сондықтан, барлық сынақтан жақсы жүріп өтемін. Сізге рахмет, мені өсіріп, азамат дәрежесіне жеткізген. Енді Отан-Ана мені тәрбиелейді. Сізді өте жақсы көремін. Тағы да хат жазамын. Мен жақта бәрі жақсы. Аманшылық болсын» деп жазыпты.
Бұл хатқа анасы Құралай төбесі көкке жеткендей қуанған. Оның ұлы Нұрдос шекара шебінде Отанымыздың тыныштығын абыроймен күзетіп жүр.
Есет ДОСАЛЫ