«Салт атты сарбаздардың әр сыны – сабақ»
Биыл ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына – 32 жыл. Бүгінде мемлекетіміздің Қарулы Күштері жауынгерлік даярлықтың жоғары қарқынды деңгейімен, сапалы жұмылдыру резервімен, ұлттық әскери оқу орындары жүйесімен және қажетті материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен ерекшеленеді.
Ауданымыздың аумағында орналасқан ел қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуде өзіндік үлесін қосып келе жатқан 91678 әскери бөліміне мақала жазуға арнайы барып қайттық.
Таулы-егерьлік полк 2000 жылы Жаркент қаласындағы 74261 әскери бөлімінде батальон болып жасақталып, Гвардейск гарнизонында жауынгерлік оқу-жаттығуға қатысып, Бауыржан Момышұлы ауылына келіп шоғырланды. Бірінші Тараз қаласындағы таулы атқыштар бригадасының құрамында болды. Кейін жеке батальон болып, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына тікелей бағынды.
2013 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің Директивасына сәйкес, полк болып жасақталды.
Әскери бөлім Ауған соғысының ардагері, жуалылық генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың идеясымен құрылған.
Таулы-егерьлік полкі ТМД елдеріндегі осы бағыттағы жалғыз полк.
Взвод командирі Шоқан Исаұлының міндеті – бейбіт уақытта сарбаздарды және сержанттарды әскери іске дәйекті оқыту. Яғни, саптық дайындық және атыс, тактикалық дайындықтарды үйрету.
Әскери қызметші Тараз қаласында өмірге келген. 2016-2020 жылдары Алматы қаласы Құрлық әскерлерінің әскери институтында курсант болған. Еңбек жолын Қапшағай қаласындағы әскери бөлімде взвод командирі болып бастаған. 2023 жылы маусым айында 91678 әскери бөліміне ауысып, мұнда да взвод командирі қызметін абыроймен атқаруда.
Ал, әскер қатарына жақында ғана келген жас сарбаз Рамазан Айдосұлы Шымкент қаласының тұрғыны. Әкесі Айдос Шымкент қаласында 35748 әскери бөлімінде қызмет етеді. Шені – майор. Рамазан 2005 жылы өмірге келген. Рухы биік патриот азамат әскерге келгеніне қуанышты.
Әскери бөлімде Тәуелсіз еліміздің қорғаны болатын Рамазандай қайсар, биік рухты азаматтар аз емес. Әскери өмір олардың жігерін одан әрі қайрап, қайраттандыра түсері сөзсіз.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
журналист.
Жуалы ауданы