Елді қорғау - ердің ісі
Әскер – өмір мектебі. Ол ата-анасының жанында қиындық көрмеген кез келген бозбаланы ширатады, шыңдайды, өз бетінше өмір сүруге тәрбиелейді. Сондықтан, әрбір қазақстандық азамат сарбаз ретінде сап түзеп, әскери мектепте шыңдалудан қашпауы қажет. Ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған ұлан-ғайыр атамекеннің қорғаны – бүгінгі жас сарбаз.
Ал, өзінің адалдығымен, үлгілі әскери тәртібімен, жауынгерлік даярлық сабақтарын үздік меңгеріп жүрген, озат сарбаздың бірі – Азамат Базарбаев.
Отан алдындағы қасиетті борышын Жуалы ауданы аумағында орналасқан 91678 әскери бөлімінде өтеп жүрген Азамат алғашқы күндерінен бастап-ақ әскери өмірдің қыр-сырын үйренуге үлкен ынта білдіріп, жоғары патриоттық сезімімен қарулас достарына үлгі-өнеге бола білген. Жауынгерлік міндеттерін атқаруда жауапкершілік пен дұрыс бастама көрсетіп, өзіне сеніп тапсырылған қарудың құрылымын, тактика-техникалық сипаттамасын, қызмет көрсету тәртібін өте жетік меңгергендіктен, атыс даярлығында үздік нәтижелер көрсетті.
Ақтөбе облысында туып-өскен Азамат Базарбаев Алматы энергетика және байланыс университетінің түлегі, мамандығы – ақпараттық жүйелер саласы.
Қазақта «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» деген жақсы сөз бар. Бір әулеттің ғана емес, халықтың ұлы болу – кез келген ер азаматтың арманы. Әсілінде, Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі. Қайсарлықтың көрінісі емес пе? Мұны жүрегі қазақ деп соққан әрбір жастың түсінері анық.
Лаура МҰСАБЕКОВА,
журналист.
Жуалы ауданы