Экономика

Биылғы меже – үш миллион тоннадан астам өнім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін, бұл – стратегиялық міндет екенін атап өтіп, саланы дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берген болатын.

Президент: «Азаматтар, әсіресе, ауыл тұрғындары заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын өзі ойлауы керек. Оларды осыған ынталандыру – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды» деп агросалаға басымдық бергені де белгілі.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдірәсіл Желеубаевтың айтуынша, биыл негізгі бағыттарды жүзеге асыру мақсатында өңірде ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілетті өнім өндіру мен агроөнеркәсіп кешені жүйесін тиімді жүргізу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылған. Мәселен, «Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын іске асыру» аясында облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында 46,2 миллиард теңге бөлінген. Бүгінгі таңда 11 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 18,3 миллиард теңге субсидия берілген.

Сондай-ақ, қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 1045 агроқұрылымға 15,2 миллиард теңге несие беріліп отыр. Осы жылдың 8 айында ауыл шаруашылығы саласында 204 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 106,5 пайызды құраған.

Бүгінгі күні облысқа бөлінген 11,4 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармайдың 6,4 мыңы жеткізіліп, 4,5 мың тоннасы фермерлерге үлестірілген. Оның бір литрі 250 теңгеден босатылған. Ал биыл 332,4 мың гектар егіс алқабына 83,1 мың тонна тыңайтқыштарды ендіру жоспарланса, бір мыңнан астам фермер тарапынан 66,5 мың тонна тыңайтқыш 311,3 мың гектар алқапқа ендірілген. Тыңайтқыштарды ендіру күзгі дала жұмыстары барысында да жалғасын тауып отыр.

Жалпы, осы жылдың өнімі үшін 626,7 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, масақты дәнді дақылдар орналастырылған 352,9 мың гектар алқаптан 586,4 мың тонна дән жиналған. Ауа райының қолайлы болуынан және фермерлер тарапынан агротехникалық шаралардың мерзімінде жүргізілуі есебінен масақты дәнді дақылдардан алынған орташа өнімділік өткен жылмен салыстырғанда 10 центнерден 16,6 центнерге дейін өскен. Бұдан бөлек, бүгінгі күнге картоп, майлы дақылдар, көкөніс, бақша және қант қызылшасын жинау жұмыстары мерзіміне сәйкес жүргізілуде.

Бүгінгі күні «Меркі қант зауытына» өткізілген өнімді жергілікті бюджет есебінен субсидиялау басталып кеткен. Басқарма мәліметіне сүйенер болсақ, бүгінде бағдарлама бойынша қалған 172 миллион теңге фермерлерге төленуде. Ал қолда бар қаржы 6,8 мың тонна өнімді субсидиялауға ғана жетеді екен. Жалпы, 600 мың тоннаға жуық өнімді субсидиялау үшін республикалық бюджеттен 16 миллиард теңге қаражат бөлу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта Үкіметтен, Ауыл шаруашылығы және қаржы министрліктерінен қолдау бар екен.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ.