Экономика

Азық-түлік: баға тұрақты, сапа жоғары

Азық-түлік бағасының бүгінгі күні сан құбылып тұрғаны ешкімге жасырын емес. Бағаны тұрақтандыру мақсатында билік тарапынан тиісті шаралар қолға алынғанымен, баға ырыққа бой бермей бара жатқаны белгілі. Дегенмен, өңіріміздің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз ету аясында өңірлік тұрақтандыру қоры өзіне міндеттелген жұмыстарды талапқа сай атқарып келеді.

«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Равиль Төлебаевтың айтуынша, өткен жылы офтейк және форвардтық келісімшарттар бойынша тауар өндірушілерден 4500 тонна бірінші сұрыпты ұн, 42 тонна қарақұмық, 600 тонна күнбағыс майы, 1060 тонна күріш, майлылығы 2,5 пайызды құрайтын сүт 300, картоп 3000, сәбіз 600, пияз 1000, қырыққабат 500 тонна болса, бірінші санатты 5 мың тауық жұмыртқасы сатып алынған.

«Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы бүгінгі күні облыс және Тараз қаласы бойынша бағаны тұрақтандыру мақсатында «Дәмді себет» ЖШС (33 сауда нүктесі), «Тәңірберген Б» ЖК (дүкен атауы Нурислам – 3), «KAAN» ЖШС (Фиркан – 18), «OPTOVIK №1» ЖШС (2) сияқты ірі көтерме-тарату орталықтарымен келісім шарт жасасқан. Сондай-ақ, аудандар мен Тараз қаласында «Әлеуметтік дүкен» жобасы 2020 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда 19 әлеуметтік павильон халыққа қызмет көрсетуде. Әлеуметтік павильондарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар тізбесіндегі тауарлары нарық бағасынан төмен өткерілуде. Онда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу және сауда үстемесін 15 пайыздан асырмау бойынша тұрақтандыру қорымен апта сайын мониторинг және түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді.

Акционерлік қоғам өкілдерінің айтуынша, «Тараз» ӘКК» АҚ-ның тұрақтандыру қорына сатып алынған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік форвард, оффтейк келісім шарттары негізінде өнім өндірушілердің қоймасында сақталады. Форвардтық шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу кезінде сатушы тауарды ұзақ уақыт сақтауға, меншік немесе жалға алуға жарамды қоймасының болуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ тауар толық өткерілгенге дейін оның тиісті сақталуын қамтамасыз етеді, тауарды жеткізу қоймадан жүзеге асырылады. Олардың сақталу жағдайын үнемі «Тараз» ӘКК» АҚ бақылап тұрады.

Жыл басынан тұрақтандыру қорынан Тараз қаласындағы ірі сауда орталықтары «Нурислам» және «Дәмді себет», «Фиркан», «Оптовик №1» сауда желілеріне келесі тауарлар интервенциясы жүргізілген. Атап айтсақ, Қарақұмық – 1,2, қырыққабат – 0,65, картоп – 13,6, сәбіз – 11,6 тонна, бірінші сұрыпты ұн – 3,3 тонна, күріш – 56,4 тоннаға үлестірілсе, жұмыртқаның 919480 данасы жеткізілген.

Сондай-ақ, облыс әкімі аппаратының 2024 жылғы 27 тамыздағы №08-6489 хатына сәйкес әлеуметтік дүкендер осы жылдың 31 тамызы мен қыркүйек айының сенбі күндері өтетін Тараз қаласы, Жамбыл даңғылы мекенжайында орналасқан «Әлеуметтік базар» алаңында ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің жәрмеңкесіне қатысып, өңірлік тұрақтандыру қорының тауарларын төмен бағада өткерді. Жалпы, өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының тұрақтануына «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы елеулі үлес қосуда.