Ақсақалға алғыс айтты
Елімізде кеңінен аталып өткен Халықаралық қарттар күнінде қоғам қайраткері, Жамбыл облысының және Тараз қаласының Құрметті азаматы Щорс Шарафутдиновке де құрмет көрсетілді. Еңбек ардагерін шаңырағына арнайы барып құттықтаған облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев емен-жарқын әңгіме барысында ардақты ақсақалға мықты денсаулық тілеп, ел игілігі үшін атқарған адал қызметі үшін алғыс айтты.
Жақында 85 жасқа толғалы отырған Щорс Шарафутдинов Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданының Құлшықұм ауылында дүниеге келген. Мәскеу энергетика институтын «инженер-электрик» мамандығы бойынша тәмамдаған соң еліміздің Қарағанды қаласында, сондай-ақ Өзбекстан, Түркіменстанда электр кәсіпорындарын монтаждау тресінде, Жамбыл ГРЭС-і мен СУ ГРЭС-інде қызметтер атқарған. Бір кездері облыстық мәслихаттың хатшысы да болған Щорс Шарафутдиновтің ұзақ жылғы жемісті еңбегі елеусіз қалмай, әр жылдары «Құрмет» орденімен марапатталып, «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағына ие болған.
Кездесу барысында еңбек ардагері мерекеге орай арнайы келіп құттықтағаны үшін Абдалы Тоқбергенұлына алғыс айтып, ықыласын білдірді.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП