Жаңалықтар

Қазыналы қарттар – қоғам байлығы

«Қариясын сыйлаған елде қасиет бар» деп халқымыз қашанда қарттарын сыйлап, құрметтеуді – ұлттық дәстүр, перзенттік парыз деп санайды. Өйткенi, қазыналы қарттарымыз мемлекетiмiздiң алтын діңгегі, еңбексүйгіштіктің, Отанға деген адалдық пен сенiмдiлiктiң жарқын үлгiсi. Олар саналы ғұмырын ұрпақ игілігіне арнап, туған елiмiздiң гүлденуi жолында көп күш-жiгерлерiн жұмсады. Сондықтан, елімізде ардагерлерге деген құрмет пен әлеуметтік қолдау жылдан- жылға артып келеді. Облысымызда да жыл жайын 1 қазан – Халықаралық қарттар күні қарсаңында қарияларымызды құттықтау дәстүрге айналған.

Атаулы күнге орай, мереке қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек тыл ардагері Манау Айтжановты мейрамымен құтттықтап, құрмет көрсетті.

Өз сөзінде ардагер де құрмет көрсетушілерге ризашылығын жеткізіп, елдің бүтіндігін, болашақтың жарқын болуын тілеп, бата берді. Тыл ардагері Манау Айтжанов Сарысу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан жан. Ұлы Отан соғысы басталғанда небәрі жеті жастағы бала болған ол соғыс қиындықтарын көріп өсіп, ұжымшар жұмысына белсене араласқан. Еңбек жолын Байқадам ауылында Мәдениет үйінің меңгерушісі болып бастап, әртүрлі салада есепші, бас есепші болып қызмет атқарған. Қызмет жолын Сарысу аудандық жол бөлімінің бас есепшісі болып аяқтап, зейнетке шыққан.

Бүгінде тоқсанның төріне шықса да әлі де қуатты қария жастарға тағылымды әңгімелерін айтып, елімізде жүзеге асып жатқан бастамалар мен өзгерістерден хабардар екендігін жеткізді.

 

Нұрболат АМАНБЕК