Жаңалықтар

Жазушымен жылы кездесу

1 қазан – елімізде Халықаралық қарттар күні атап өтіледі. Ежелден қарты бар үйді қазынасы бар үйге балаған қазақ халқы үлкенге құрмет көрсетуден аянған емес. Дәл осы атаулы күні облыстың бірқатар басшы азаматтары өңірге еңбегі сіңген қарияларымыздың шаңырақтарына арнайы барып, ерекше ілтипат көрсетті.

Олардың қатарында өңір журналистикасының ақсақалы, белгілі жазушы, драматург, публицист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Елен Әлімжан да бар. Қабырғалы қаламгерді арнайы құттықтап келген облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек қазыналы қарияға сый-сияпат табыстады. Елен Әлімжан ұзақ жылдар өңірлік және республикалық басылымдарда абыройлы қызмет етті. Облыстық «Aq jol» газетінде де бас редактордың орынбасары бола жүріп, талай талантты жастың баспасөз бетінде көрінуіне ықпал етті. Бірақ, шығармашылығын ешқашан шетке ысырған емес. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін ол өзінің сүйікті ісіне көбірек уақыт бөле бастады. Оның қаламынан туған көптеген драматургиялық шығармалар бүгінде ел театрларында үздік туындылар қатарында. Үлкенге құрмет көрсете келген Қанатбек Мәдібек жазушыға ақ тілегін арнады.

Өз сөзінде қаламгер атаулы күнде өзін елеп- ескеріп арнайы құттықтай келге н азаматтарға ақ батасын беріп, ризашылығын білдірді.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ