Әділ шешім абыройға бастайды
Есте жоқ ескі заманда жұртты билеген әділетті патша өмір сүріпті. Ол уәзірлерінің ішінде біреуін ерекше бағалайды екен. Әлгі уәзір іскерлігімен, ақылымен, адамгершілігімен өзге уәзірлерден оқ бойы озық тұрыпты. Бірақ, оның бұл жағымды іс-әрекеттері басқа уәзірлерге ұнамай, олар тісін қайрап жүреді. Олардың ойы қайткен күнде де жағымды уәзірді сүріндіріп, аяқтан шалып, әміршіге жек көрінішті көрсету болады.
Күндердің күнінде жағымды уәзір қазынадан жағдайы төмен, өте кедей адамдарға қарыз ақша бере бастайды. Қарыз бергенде де: «Бұл қарызды патша өмірден өткен кезде қайтарасыңдар», – деп айтыпты. Оны байқаған басқа уәзірлер әміршіге барып: «Тақсыр, пәленше деген уәзіріңіз қазынадан жағдайы төмен отбасына ақша таратып, патша бақилық болған кезде қайтарасыңдар деп жатыр. Сіз өмірден өткен соң сол ақшаны өзі жинап алмақшы», – деп жамандап, отқа май құяды. Патша лезде қаһарына мініп, ашуланып, әлгі ақылды уәзірді алдырады.
– Ешқандай кешірім жасамай, басыңды аламын. Тек соңғы сөзіңді айтып қал. Қоштасып қал, – дейді. Сонда ақылды уәзір: «Тақсыр, ашу – дұшпан. Мені кешірмесеңіз де бір ауыз сөзімді тыңдаңыз. Менің өте кедей адамдарға қарызға ақша бергенім де рас. Берерде: «Бұл қарызды патша өмірден өткен кезде қайтарасыңдар» дегенім де рас. Бірақ, олар қарызды ешқашан қайтара алмайтын мүсәпір, жағдайы мүшкіл адамдар. Ол кісілер қарызды қайтара алмаған сайын: «Біздің патшамыздың өмірі ұзақ болса екен!» деп қол жайып, сіздің тілеуіңізді тілейді ғой. Көптің тілегімен сіз ұзақ жасасын деп сондай қадамға бардым, – депті. Сонда патша: «Мен ашумен қате шешім жасаппын. Ашуға беріліп, әділетті шешімімнен айырыла жаздадым. Енді түсіндім. Сен мені кешір» деп, ақылды уәзірінен кешірім сұрап, оған шексіз рақметін айтқан екен.
Бұл тәмсіл кең ойлайтын, ақылды адамның қай кезде жеңіске жететінін көрсетеді. «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» деген нақыл да бекер айтылмаса керек.
Есет ДОСАЛЫ