Әлем ғалымдарының әрқилы әрекеттері
Әлемді өзгерткен ұлы идеялардың авторлары ретінде танылған ғалымдардың жоғары интеллектуалдық қабілеттері ғана емес, сонымен бірге ғылымды алға жылжытуға мүмкіндік беретін қуатты шығармашылық әлеуеті де болған. Осындай алуан түрлі қасиеттердің үйлесуі көптеген ғалымдардың өзіндік әзіл-оспақ сезімі, оғаш талғамы мен әдеттері бар, тривиальды емес көзқарастарды ұстануына және әдеттен тыс нәрселерге қызығушылық танытуына да себепкер болған.
Солардың бірі – американдық Джон Бардин физика бойынша екі Нобель сыйлығын алған әлемдегі жалғыз адам. Біріншісі ғалым мен оның әріптестеріне транзисторды ойлап тапқаны үшін, екіншісі асқын өткізгіштердің микроскопиялық теориясын жасағаны үшін берілген. Алғашқы Нобель сыйлығын тапсыру рәсімі кезінде Швеция королі Густав VI Адольф Бардинді марапаттау рәсіміне үш баласының біреуін ғана алып келгені үшін сөккен. Кездесуде ғалым монархқа келесі жолы міндетті түрде олардың барлығын әкелемін деп уәде береді. Мұны әлбетте патша әзіл деп ойлағанымен, физик 16 жылдан кейін өз сөзінде тұрды.
Ядролық физиканың атасы деп саналған тарихтағы ең атақты ғалымдардың бірі Жаңа Зеландиялық Эрнест Резерфорд өз пәнін жалғыз нақты ғылым деп мақтан тұтатын болған. Сонысымен қоймай ол жақын саладағы басқа әріптестерін, әсіресе химиктерді жиі кемсітетін болған. Бір қызығы, Швед академиясы оның радиоактивті заттардың ыдырауын зерттеуге қосқан үлесін жоғары бағалап, химия саласы бойынша оның Нобель сыйлығын табыстайды. Резерфордтың өзі бұған әзіл- қалжыңмен жауап беріп, оның физиктен химикке айналуы көптеген жылдар бойы жұмыс істегендерінің ішінде ең күтпегені болды деп жауап берген.
Атақты ағылшын натуралисті, саяхатшы және эволюция теориясын жасаушы Чарльз Дарвин өте сентиментальды адам ретінде де танылған. Сондықтан да ол кітаптардың ішінен романтикалық романдарды артық көріп, олар мидың босаңсуына көмектесетініне сенген. Бәрінен де Дарвин отандасы Джейн Остиннің шығармашылығын жоғары бағалаған.
Ресейлік суретші Борис Кустодиев болса атақты тұлғалардың портреттерінің авторы ретінде танылған. Бір күні оған екі жас жігіт келіп, олардың суретін салуды сұрайды. Тапсырыс берушілер болашақта атақты ғалымдар болатынын және міндетті түрде Нобель сыйлығын алатынын айтады. Кустодиев ерекше сұранысқа әзілмен қарап, ақылға қонымды бірлескен портретті салып шыққан. Ал, жастар расында сөзінде тұрды. Араға 35 жыл салып, олардың бірі Николай Семенов химия бойынша Нобель сыйлығының лауреаты атанса, екіншісі Петр Капица 57 жылдан кейін физика бойынша дәл осындай марапатқа ие болды.
Орыстың тағы бір ғалымы, ойшыл және ғылыми-фантастикалық әңгімелердің авторы Константин Циолковский сирек эрудицияға ие болған. Ғалым зымыран ғылымы саласында бірқатар дәл болжамдар жасап, бұл үшін оны кейінгілер астронавтиканың атасы деп атады. Әлемдік техникалық прогреске әсер еткен Циолковский өздігінен білім алған. Бала кезінде ол скарлатинамен ауырып, соның салдарынан саңырау болып, мектепке бара алмаған. Бірақ ауру мақсатты жас жігітті тоқтата алмады – ол барлық қажетті пәндерді өз бетімен зерттеп, ондаған эксперименттер жүргізді, табысты мұғалім болды және қоғамның ғарыш туралы идеяларын түбегейлі өзгертті.
Ал, Эйнштейннің өте атақты болғаны сонша, оны көшеде көрген адамдар тоқтатып, сөйлесіп қалуға тырысатын көрінеді. Мұндайда ғалым: «Мен Эйнштейн емеспін. Елдің бәрі үнемі сол кісімен шатастырады», – деп құтылатын болған. Бірде жолай кездескеннің бірі одан дыбыстың жылдамдығы қандай деп сұрайды. Физик бұл сұраққа: «Кітаптан табуға болатын ақпаратты есте сақтауға тырыспайтын әдетім бар», – деп жауап беріпті. Ғалымның тілін шығарып тұрған суреті ең танымал суретке айналғаны белгілі. Көпшілік осы суреттен бір мән іздеп, оны талқылауға әуес. Шын мәнінде суретке қатысты оқиға өте қарапайым. 72 жасқа толар шағында суретке түсуден шаршаған Эйнштейн, фотографтардың «күліңізші» деген кезекті бір өтінішіне тілін шығара салған екен. Артынша «Бұл менің адамзатқа жіберген жолдауым!» деп қалжыңдапты. XX ғасырдың ортасында Израиль мемлекеті құрылған шақта еврей ұлтынан шыққан Эйнштейнге ел президенті болу тура лы ұсыныс түскен. Тәжірибенің жоқтығы мен өзінің саясаткер емес, ғалым екенін айтқан ол бұл ұсыныстан бас тартқан.
Ғалымдардың ең жоғары марапаты Нобель сыйлығы бойынша неміс физигі және математигі Арнольд Зоммерфельд рекорд жасаған. Ол жоғары сыйлыққа 84 рет ұсынылған. Алайда, оның ешбірін ала алмаған. Бірақ оның жеті шәкірті Нобель сыйлығын физика, химия және бейбітшілік салаларда иеленген.
Итальяндық ғалым Леонардо да Винчи екі қолды бірдей пайдалана алатын. Дегенмен, замандастарының айтуынша, ол күнделікті өмірде сол жақты қолданғанды жөн көрген. Ол сол қолымен жеке жазбаларды жүргізіп, оларды теріс реттілігімен жазса, ресми құжаттарды оң қолымен толтырған.
Нұрболат АМАНБЕК