Әлеумет

Жасанды интеллект және медицина

Соңғы кезде цифрлық трансформация және жасанды интеллект (ЖИ) туралы әр деңгейде жиі айтыла бастады. Тіпті, оған қызығушылық байқалады. ЖИ-дің дамуы өмірдің әртүрлі салаларына айтарлықтай әсер етуде және оның интеграциясы мен дамуына одан әрі жәрдемдесу қажет деп есептейді көптеген ғалымдар мен мемлекет қайраткерлері.

Өйткені, оның ғылым, технология және экономика үшін әлеуеті өте зор және олардың тиімділігі мен адамдардың өмір сүру жайлылығын жақсартуға ерекше үлес қосып отыр.

Біздің Қазақстан да цифрлық басқару саласында жаһандық аренадағы деңгейін нығайтып келеді. 2024 жылғы UN E-Government Survey есебіне сәйкес, еліміз электронды үкіметті дамыту бойынша әлемдік рейтингте 24-орынға көтеріліп, бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда позициясын 4 сатыға жақсартыпты. Бұл – Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) рейтингіне қатысу тарихындағы ең үздік нәтижесінің бірі. Рейтингте БҰҰ сарапшылары электронды қызметтердің дамуын, адам капиталын және телекоммуникациялық инфрақұрылымды бағалауға басымдық берген. Сөйтіп, цифрлық трансформацияның өсуі аймақтық сипатқа ие болды. Яғни, Қазақстан жағдайында ұлттық инженерлік-коммуникациялық технология және цифрлық сауаттылықты дамыту стратегиясы, сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға баса назар аудару еліміздің әлемдік рейтингтерде одан әрі өсуіне және оны әлемдегі цифрлық трансформация көшбасшыларының бірі ретінде нығайтуға ықпал етіп келеді.

Жалпы цифрлық технологияларды дамыту ісінде Қазақстан оңтайлы бастамаларды қолға алғанына біраз жыл өтті. Десе де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырдағы Жолдауында еліміз цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуге тиіс екенін атап өтті. Яғни, «Электронды үкімет» платформасына жасанды интеллект технологиясын барынша енгізуіміз қажет. Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс. Бұл – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Парламент депутаттарын осы жұмысқа атсалысуға шақырамын. Келесі жылы Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығын іске қосу керек. Бұл орталық оқушылар, студенттер, ғалымдар және кәсіпкерлер үшін әрдайым ашық болады. Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек» дей келіп, цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін еместігін айтқан болатын.

Бұған қоса Президент цифрлық активтер мен майнингті заңмен реттеп, криптобиржаларды одан әрі дамыту ісін жалғастырған жөн екеніне де тоқталды. Бұл тапсырманың талабына үңілсек, оның ар жағында ақпараттық технологияларды әлі де дамыта түсу міндеті тұр. Иә, бүгіндері біз ЖИ өмірімізге батыл еніп жатқанына куәміз. ЖИ тек қол еңбегі қызметкерлеріне ғана әсер етіп отырған жоқ, оны қолдану аясы кеңейе түсуде. Танымал кәсіпкер Эндрю Янг жоғары білімді талап ететін кейбір кәсіптердің де «ескіріп» бара жатқанын айтады. «Қарапайым адамдарға қарсы соғыс» кітабында ол «автоматтандыру үрдісі дәрігер, заңгер, бухгалтер, қаржы кеңесшісі, трейдер, журналист, тіпті суретші мен психолог секілді мамандықтарға да қауіп төндіреді» деп жазған. ЖИ-дің жүйелі түрде еніп жатқан саласы – медицина десек қателеспейміз. ЖИ ауруды анықтауда, емдеуде, алдын алуда, профилактикалық бағытта алар орны бірте-бірте нақтыланып, анықталып келеді.

Медицинаны сонау көшпелі мәдениетте жүріп, зерттеп білген қазақ үшін бүгінгі тың жаңалықтың әрбірі қалыпты тәрізді. Өйткені, жақсы нәрсеге жанымыз тез үйренеді. Әлем емін таба алмай жүрген талай дертті бие сүтімен емдеп, ағарғанның ақ ниетін байқадық. Адам өміріне аса қауіпті «Ковид-19» вирустық инфекциясына да дер кезінде вакцина шығарып, тажал отын бүркіп тұрған қаҺарлы дерттің әрі қарай таралмауына қол жеткіздік. Әйтсе де, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» нано технология бізге таңданбасқа амал қалдырмай отыр. Сонымен, ЖИ әлем медицинасына тигізер ықпалы қандай?! Жасанды интеллект дәрігерлердің орнын баса ала ма?!

Бүгінгі таңда көз ілеспес жылдамдықпен дамыған ғылым да, жаңа технологиялар көңілге күмән ұялатқанмен, уақыт жағынан үнемді екенін айтып жүргендер көп. Әлбетте, соңғы технологияның басқа да түрлерімен көп жағдайда адам өміріне араша түскен ақ халаттылардың ұшан-теңіз еңбегінің арасында ерекше ықпалы бар екеніне көз жеткізіп келеміз. Әйтпесе, мидың қатпар-қатпар қуысында не болып жатқанын басты ашпай-ақ анықтап жатпас та едік?! Ішкі құрылыста бауыр мен бүйректің, өкпе мен жүректің жағдайына қанықпас та едік. Бірақ бір ескерерлігі, ЖИ де адам басқарады. Ал басқара алмаса тағы қиын. Мәселен, электронды медициналық карталар. Білім саласындағы электронды күнделік тәрізді бұл да талай дәрігердің өкпе-ренішіне арқау болды. Бұл жайлы «Northwell Health» желісінің президенті Майкл Доулинг өзінің «Денсаулық сақтау саласындағы қайта жүктеу» атты кітабында ерекше тоқталып атап өтеді. «Ол талай дәрігердің өкпе-назын тудырды. Бұл карталар науқас туралы егжей-тегжейлі мәліметті сақтап, тіпті, бақылап, көріп отыруға зор мүмкіндік береді. Оның қиыншылығы да жоқ емес. Дәрігер науқас қабылдауға арналған уақытының көп бөлігін әлгі картаны толтыруға, компьютерге енгізуге жібереді. Ең қажетті, маңызды, негізгі мәліметтерді базаға салу ұзақ уақытқа созылып кетуі мүмкін. Бірақ, ол да бірте-бірте ретке келтірілуде.

Бүгіндері денсаулық сақтау мекемелеріндегі ең көп таралған ЖИ функциялары клиникалық шешімдерді қолдау және кескінді талдау болып табылады. Клиникалық шешімдерді қолдау құралдары провайдерлерге емделушіге қатысты ақпаратқа немесе зерттеулерге жылдам қол жеткізу арқылы емдеу, дәрі-дәрмек, психикалық денсаулық және пациенттің басқа қажеттіліктері туралы шешім қабылдауға көмектеседі. Медициналық бейнелеуде ЖИ құралдары компьютерлік томография (КТ), рентген сәулелері, магнитты-резонанстық томография (МРТ) және басқа да радиолог мамандар жіберіп алуы мүмкін мәліметтерді талдау үшін қолданылады. Өйткені, мамандар кескіндердің зақымдалуы секілді кейбір ұсақ нәрселерді аңғармай қалуы мүмкін. Адамдардан айырмашылығы, ЖИ ешқашан ұйқыны қажет етпейді, шаршауды білмейді, демалыс сұрамайды.

Эрик Тополь «Кемел медицина» кітабында: «Жетілдірілген жасанды интеллект дәрігерлерді күнделікті қайталанатын ұсақ шаруалардан босатуы мүмкін. Сонда олар науқастарға көбірек көңіл бөле алады. Мұның бәрі дәрігердің жұмыстан жалығуын азайтып, медициналық қызмет көрсету сапасын арттырады», – дейді. Осы ретте, Эрик Тополь экономикалық зерттеулердің ұлттық бюросы жүргізген зерттеу нәтижесін мысалға келтіреді. Оның қорытындысы көрсеткендей, дәрігердің науқасты қабылдау кезіндегі қосымша бір минутының өзі аурудың қайта асқыну мүмкіндігін 8 пайызға азайтатын көрінеді. «Машиналар түрлі міндеттерді атқару арқылы біртіндеп адамдардан асып түседі. Сондықтан біз адамгершілік қасиеттерімізді көбірек дамытуымыз керек. Адамдардың машиналардан басты ерекшелігі – осы. Науқасқа дәрігердің жанашырлығы мен рақымшылығы маңызды. Әрине, сезімсіз машиналар адам қасиеттерін ешқашан ауыстыра алмайды», – дейді Эрик Тополь. «Ауруға шалдыққан науқас үшін ең бастысы – адам көңілі. Оларға жаны ашитын, қалай қиналып жүргенін түсінетін дәрігер қажет. Дүниеде сырқаттан жаман нәрсе жоқ, мұндай сәтте адам өзін жалғыз сезінеді. Ал, оны уайымдайтын дәрігер болмаса, жағдай тіпті нашар. Сол себепті денсаулық сақтау саласында ең алдымен адамгершілікке көңіл бөлуіміз қажет», – деп айқын айтады Эрик Тополь «Big Think» сайтына берген сұхбатында. Ал, ЖИ сезімнен жұрдай екені көпке аян. Сондықтан Эрик Тополь бұл технология қаншалықты тиімді болғанымен, дәрігер мен науқастың қарым-қатынасына кері әсер етуі де мүмкін екенін ескертеді. Майкл Доулингтің де пікірі осыған саяды. Ол «Big Think» сайтына берген сұхбатында: «Жасанды интеллект қазір жан-жақты дамып келеді. Десе де, науқастарға ең алдымен технология емес, дәрігерлердің, яғни адамдардың көмек көрсететінін ұмытпаған жөн», – деген ой білдіреді.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаражаты жұмсалуының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында, «Damumed» КМАЖ-де «Емделушілердің кері байланысын бақылау» модулі жұмыс істейді. «Damumed» мобильдік қосымшасы арқылы әрбір азамат өзінің алған медициналық қызметінің қосып жазылуын көрсе, ол туралы пікір қалдыра алады. Мысалы, «Ол менің қабылдауым емес» деп. Бұл пікірлер бойынша қосып жазулар анықталса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық ұйымды әкімшілік жауапкершілікке тартуға құқығы бар.

Біздің Жамбыл облысында «Дәрілік заттарды қадағалауды автоматтандыру» жобасы кеңінен енгізілді. Қолданыстағы Есеп жүйесін (1С бухгалтерия), қолданыстағы Медициналық ақпараттық жүйесімен (Damumed), Бірыңғай фармацевтикалық ақпараттық жүйесімен (ЕФИС), Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесімен интеграция жұмыстарының жүргізілуін, тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесіне (ИС МПТ), ismet.kz платформасына (ИСМЕТ) және Таңбалаудың электрондық құжат айналымы орталығына (ЦЭДМ) тіркелуін атқаруда. Сондай-ақ, дәрілік заттарды қадағалау үшін 2D сканерлерді сатып алынған. Облыс бойынша дәрілік заттарды таңбалауға 63 медициналық ұйым қатысады. Оның ішінде 32-сі басқармаға қарасты болса, 15-і жеке емханалық медициналық және 16-сы жеке стационарлық медициналық ұйым. Барлығы толықтай «Damumed» медициналық ақпараттық жүйесінде жұмыс істейді. Барлығы 2D сканермен қамтылған.

Күнделікті атқарылатын жұмыстардың көмегімен ЖИ тиімділігін анықтауға болады. Бұл технология жалықтыратын міндеттерді адамдардан гөрі жылдам әрі дәл орындайды және үзіліс те жасамайды. ЖИ-дің тиімділігі жайлы мына бір практикалық тәжірибеден байқауға болады. Жапон дәрігерлері онкологиялық сырқатқа шалдыққан бір науқасты екі жыл қатарынан емдеп жаза алмаған. Қолданған емдері шипа болмай, амалдары құрыған мамандар әлгі пациент туралы мәліметті Сингапур арқылы ЖИ-інің «бақылауына» жібереді. Бағдарламаның «ақылымен» әлгі науқасты емдеудің тәсілдерін өзгертіп көрген екен, шынымен де оның жағдайы жақсарып, беті бері қарай бастапты.

ЖИ-тің медицинада қолдануға қатысты тағы бір мысал келтірсек. Рентгенологтар көп уақытын науқастардың рентген кескіндерін зерттеуге жұмсайды. Бұл мамандық иесіне біліктілігін жетілдіру үшін көп жыл қажет. Соның өзінде де ауруды анықтау қиынға соғатын жағдайлар кездеседі. Өз көзқарасын дәлелдеу мақсатында ағат пікір білдіру немесе немқұрайлы қарау секілді адамға тән қасиеттердің кесірінен қателіктер жіберілуі мүмкін. Ал, ЖИ сараптамалық бағдарлама сырқатты емдеудің жолын 100 пайыз сенімділікпен көрсетіп береді. Жалпы медицинаның өзі – нақты ғылым емес екенін білеміз. Сол сияқты ЖИ те тек болжамды ұсыныс, бағыт береді. Мысалы, онкологиялық ауруды тексеруден өткізгеннен соң «мына науқасты химиотерапиямен емдеудің тиімділігі – 97 пайыз, сәулелік терапияның тиімділігі – 78 пайыз, дәрі-дәрмекпен емдеу – 56 пайыз» деп дәрігерге бағыт береді. Кейде қолданылатын дәрі-дәрмектің дозасына дейін көрсетеді. Тіпті қарастырылып отырған ем-домның неше жылға дейін сәтті болатынын да айтып береді. Әрі қарай емдеу тактикасын дәрігер өзі шешеді.

ЖИ көмегімен жұмыс істейтін медициналық құрылғылардың ішінен электрокардиография аппаратын алуға болады. Мысалы, Ұлыбританияның «BTL» компаниясы өндірген ЭКГ аппараттары науқастың жүрек ырғағын тері арқылы тіркеп, оның нәтижесін қағаз лента бетіне шығарып қана қоймай, патологиялық ауытқулары бар-жоғын талдау жасап, қағазға басып шығарады. Бұл ЭКГ талдаушы функционалдық диагностика дәрігерінің жұмысын біршама жеңілдетеді. Егер дәлдік пен толықтырулар қажет болса, дәрігер толықтырып жазады.

Хирургия саласында 2000 жылы АҚШ-тың Intuitive Surgical компаниясы шығарған «Da Vinci» ЖИ көмегімен жұмыс істейтін робот-хирург пайдаланылса, нейрохирургияда «гамма-нож» көмегімен күрделі оталар жасалынуда. Бұл да ЖИ-тің адам қуантар жетістігі.

Машиналық оқыту үлгілері медициналық көмек алатын пациенттердің өмірлік маңызды белгілерін бақылау және белгілі бір қауіп факторлары артқан жағдайда дәрігерлерді ескерту үшін пайдаланылуда. Жүрек мониторлары сияқты медициналық құрылғылар өмірлік маңызды белгілерді бақылай алады, ал ЖИ осы құрылғылардан деректерді жинап, сепсис сияқты күрделі жағдайларды анықтайды. Мәселен, бір зерттеуші ғалым IBM бағдарламасы көмегімен шала туылған нәрестелерді болжау үшін ЖИ үлгісін әзірледі, ол ауыр сепсисті анықтауда 75 пайыз дәлдік танытты.

Жуырда Қытайдың Хэньян қаласында науқастарға нақты диагноз қоя алатын жасанды интеллект жұртшылыққа таныстырылды. Әлгі бағдарламалық жүйе 4-8 секундтың ішінде 100 клиникалық жағдайды сараптап, әрқайсысына жеке диагноз қойып шыққан. Сонда ақылды технология екеуінде ғана қателік жіберіпті. Қалғанында дәрігердің қойған диагнозымен бірдей қорытынды шығарған. Интеллектуалдық компьютерлік бағдарлама науқас туралы мәліметтерді бірнеше секундта өңдеп береді. Әрі ғаламтордағы сол ауруды емдеу тәсілдері жөніндегі соңғы зерттеулерді, ғылыми дәлелденген мақалаларды автоматты түрде талдап, соның негізінде ауруды емдеудің жолын нұсқай алады.

Жаңа дәрі-дәрмектің ойлап табылуы көбінесе ең ұзақ және ең қымбат кезеңдердің бірі болып табылады. Жасанды интеллект жаңа препараттарды әзірлеу құнын екі жолмен азайтуға көмектеседі: тиімдірек дәрілік конструкцияларды жасау және келешегі зор жаңа дәрілік комбинацияларды табуда ұтымды екенін көрсетті.

Сонымен қатар, ЖИ банк ісі, автокөліктер, ұялы телефондар және кадрларды даярлау сияқты салалардың кең спектрінде қолданылуда. Оның ғылым, технология және экономика үшін әлеуеті өте зор және олардың тиімділігі мен адамдардың өмір сүру жайлылығын жақсартуды көздейді. Алайда, ЖИ сонымен қатар жұмыс орындарын жоғалту қаупі, жеке өмірге қолсұғушылық және кемсітушілік сияқты этикалық және әлеуметтік мәселелерді тудырады. Өкінішке қарай, бұл күндері интернет және әлеуметтік желілер көмегін пайдалана отырып, жеке адамдардың банктегі қаржыларын үптек кету алаяқтар үшін проблема болмай қалды. Олар тіпті банк қаржыларын білдірмей өз есепшоттарына аударып, біреудің атынан кредит алу мүмкіншіліктеріне қол жеткізді. Міне, бұл ЖИ мүмкіншілігін кибер алаяқтардың өз пайдасына теріс пайдалануы болып табылады және басқаларға қауіп төндіреді.

Иә, қазіргі таңда адам айтса нанғысыз ақылды технологиялар өмірімізге дендеп ене бастағанын көріп отырмыз. Соның бірі – адаммен деңгейлес ойлай алатын ЖИ жүйесі. Ол бүгіндері денсаулық сақтау саласына, яғни медицинаға батыл енді және дәрігерлердің еңбегін біраз болса да жеңілдете түсті. ЖИ-тіні дәрігерлерге, зерттеушілерге және олар қызмет көрсететін пациенттерге пайда келтіру үшін пайдалану қарқыны мен салалары тұрақты түрде өсіп келеді. Уақыт өте келе ЖИ заманауи медицинаны қалыптастыратын және қолдайтын цифрлық денсаулық сақтау жүйесінің негізгі бөлігіне айналатынына күмән жоқ. Мойындауымыз керек, ЖИ адамдардан да асып түсіп, оның ақыл-ойы жете бермейтін жағдайларда көмекке келіп отыр.

ЖИ-іні медицинада қолдануды Қазақстан да қолға алды. Денсаулық сақтау министрлігі «IBМ» компаниясымен бірлесе отырып ЖИ-іні алдымен онкология саласында сынап көрді. Мұндай жоба Америка, Англия, Германия секілді әлемнің 15 елінде енгізілген екен. Бұл жүйенің тиімділігі сол, науқастың ауру тарихын, қазіргі жалпы жағдайын, сараптамалар қорытындыларын бағдарламаға енгізсе болды, жасанды интеллект сол сәтте әлгі адамға қандай емдеу жолы тиімді екенін бірнеше секундтың ішінде сараптап айтып береді. Бірақ онымен келісу, келіспеу – дәрігердің еркінде. Информатика мен информатикадағы соңғы жетістіктердің ЖИ тез арада заманауи денсаулық сақтаудың ажырамас бөлігіне айналуда. Қорыта айтар болсақ, ЖИ кеше ғана адамзат өркениетінің табалдырығында тұрса, бүгінде медицинаның бел ортасында жүр. Заманауи технологияны жете меңгеріп алсақ, оның денсаулық сақтау саласына берер пайдасы мол болмақ. Дамып, бүгіндері айтулы жетістіктерге жеткізіп отырған кемел медицинада ЖИ ерекше орын алатынына күмән жоқ. Бұл бағытта әлі де талай таңғаларлық жаңалықтар бола бермек.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Нью-Йорк академиясының мүшесі.