Әлеумет

Агросаланың әлеуеті артып келеді

Халқымыздың тұрмыс-тіршілігі ауыл шаруашылығымен сабақтасып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірімізде де тиісті жұмыстар қолға алынған. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтың айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 31 миллиард теңге бөлінген. Бүгінгі күні облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 18,3 миллиард теңгеден астам субсидия төленсе, қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 1045 агроқұрылымға 15,2 миллиард теңге несие берілген. Ал өткен 8 айда ауыл шаруашылығы саласында 204 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі – 106,5 пайызды құраған. Оның 87,3 миллиарды егін, 116,5 миллиарды мал шаруашылығына тиесілі.

Өсімдік шаруашылығында да айтарлықтай табыс бар. Мәселен, осы жылдың өнімі үшін 626,7 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Тарқатып айтсақ, дәнді және дәнді бұршақты дақылдар – 365,1, майлы дақылдар – 32,8, қант қызылшасы – 11,2, картоп – 4,6, көкөніс – 20,3, бақша дақылдары – 4,9, мал азығы дақылдары – 175,3 мың гектар алқапқа орналастырылды.

Бүгінгі таңда облыста 312 агроқұрылым қант қызылшасын баптаумен айналысуда. Олардың иелігіндегі тәтті түбір алқабы 11,2 мың гектарға жеткен. Қазіргі таңда Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Талас, Шу аудандарының диқандары тәтті түбір жинауға белшеше кірісіп кеткен. Бүгінгі күні 605,9 гектар алқаптан 44,2 мың тонна өнім алынып, әр гектардағы орташа өнім 731 центнерді құраған. Жиналған өнімнің 41,2 мың тоннасы қант зауытына өткізілген. Жалпы, қант қызылшасынан 600 мың тоннадан астам өнім алу күтілуде.

Ауыл шаруашылығы жерлерінің құнарлығын арттыру мақсатында егіс алқаптарына тұрақты минералды тыңайтқыштар сіңіру жұмыстары да қолға алынған. Биыл 332,4 мың гектар алқапқа 80,8 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ендіру жоспарланған. Бүгінгі күні 1030 шаруа тарапынан 63,4 мың тонна тыңайтқыш алынып, 311,3 мың гектар алқапқа ендірілді.

Ал, күзгі дала жұмыстарына 11,4 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, тарату бағасы литріне 250 теңгені құрады. Операторлар тарапынан облысымызға 6,4 мың тонна дизель отыны жеткізіліп, 4,5 мың тоннасы шаруаларға таратылды. Тарату жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде.

Сондай-ақ, су үнемдеу технологияларын егіс алқаптарына енгізу жұмыстары жалғасын табуда. Бүгінгі күні енгізілген алқап көлемі 57 мың гектардан 40 мың гектарға қысқарған. Биыл қосымша 14,5 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізіп, жалпы алқап көлемін 54,5 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Бүгінгі күні 8,9 мың гектарға су үнемдеу технологиялары ендіріліп, жоспар 61,7 пайызға орындалды.

Облыста су үнемдеу технологияларын өндірумен айналысатын жалпы құны 65 миллиион АҚШ долларын құрайтын 6 ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Ол жобалардың бірін қытайлық «VODAR» компаниясы қолға алмақ. Жылына 500 жаңбырлатып суғару қондырғыларын шығаруды жоспарлап отырған жобаның құны 30 миллион АҚШ долларын құрайды. Ал «КАЗ КАСПИ ГИДРО» ЖШС тамшылатып суғару қондырғыларын шығару жобасын жүзеге асыруға ниетті. Ол жобаның құны 6 миллион АҚШ долларын құрайды. «KAZAKH INDUSTRIAL STROI» ЖШС суару каналдарының бетон жабындарының өндіріс орнын ашпақ. Мұның да құны 7 миллион АҚШ долларына тең. Бұл жобаларды қытайлық компаниялар жүзеге асыруға ниет танытқан. Ал түркиялық «ATLANTIS» компаниясы жаңбырлатып суғару қондырғыларын шығару өндірісін қолға алмақ. Жобаның құны 20 миллион АҚШ долларын құрайды. Отандық «Ans-Plast» компаниясы спринклерлік жүйелер өндірісі орнын ашпақ, оның жылдық қуаттылығы 10 мың гектар алқапты ылғалдандыруға мүмкіндік береді. Жоба құны 400 миллион теңге. Ал түркиялық «ARDENT PLASTIK» компаниясы тамшылатып және жаңбырлатып суғару қондырғыларының өндірісін қолға алуды жоспарлап отыр. Бұл жобалар жүзеге асырылған жағдайда суарылатын егістік алқаптарының көлемі едәуір артпақ.

Облыста жалпы көлемі 27,7 гектарды құрайтын 25 жылыжай жұмыс істеуде. Оның 20-сы фермерлік, 5-еуі өнеркәсіптік жылыжайлар. Оның басым бөлігі Байзақ пен Жамбыл аудандарында орналасқан.

Қазіргі уақытта 301,9 мың гектар алқаптан мал азығы дайындалуда. Бүгінгі күні бұл алқаптардан 3,2 миллион тонна пішен, 99 мың тонна пішендеме, 486,8 мың тонна сабан, 49,6 мың тонна сүрлем дайындалған. Әлі де бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасуда.

Мал басы да жылсанап артуда. Бүгінгі күні облыстағы мүйізді ірі қара басы 507,7 мың, қой басы 3,8 миллион, жылқы – 179,6 мың, түйе – 7,7 мың басты құраған. «Биыл мал басы және өндірілген өнімдердің көлемінде ауытқулар бары анықталды. Мал басына санақ жүргізу арқылы, жыл басында облыста тіркелген 4,1 миллион бас мал саны 3,4 миллион басқа дейін төмендетілді. Яғни, 762 мың бас мал шын мәнінде жоқ. Сондай-ақ, өндірілген ет 34 мың тоннаға, ал сүт 115 мың тоннаға төмендетілді. Жалпы, жыл басынан бері облыста 153,7 мың тонна сүт өндіріліп, 1,1 пайызға артса, 71,6 мың тонна ет өндіріліп, 2,3 пайызға артты. Сонымен қатар, 1719 тонна ет экспортталса, оның ішінде 23,5 тонна сиыр еті, 969,6 тонна қой еті, 0,2 тонна жылқы еті, 475,9 тонна құс еті және 249,8 тонна малдың ішкі өнімдері бар», – дейді басқарма басшысы.

Қазіргі уақытта аймақта асыл тұқымды ұсақ мал өсірумен 359 қожалық, мүйізді ірі қара малын күтумен 59 шаруашылық айналысуда. Одан бөлек, сиымдылығы 1000 бастан жоғары 13 бордақылау алаңы және қуаттылығы 300 бас ұсақ қара мал мен тәулігіне 50 бас мүйізді ірі қара етін өңдейтін ірі 2 ет өңдеуші кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ, қуаты 50 бастан 600 басқа дейінгі сауын сиырдан тұратын 46 сүт-тауарлы фермасы бар. Ондағы мал саны – 5,1 мың басты құрайды.

Биыл сүт өндірісін дамыту мақсатында «Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасы арқылы 4,1 миллиард теңгені құрайтын 600 басқа арналған 1 сүт тауарлы фермасы мен 400 басқа арналған 2 сүт тауарлы фермасын іске қосу қолға алынып отыр.

Бүгінгі күні аймақта құс шаруашылығы бағытында жұмыс істейтін 5 ірі өндірістік кәсіпорын болса, оның 4-еуі («Әулие-ата Феникс» ЖШС, «Алель-Агро» АҚ, «Қордай құс» ЖШС, «БМ Агропродукт» ЖШС) құс етін, 1-еуі («Аса-Даму» ЖШС) жұмыртқа өндіреді. Биыл құс еті өндірісін дамыту мақсатында 2 кәсіпорынның қуаттылығын 9 мың тоннаға кеңейту жоспарланған. Қазіргі уақытта «Әулие-ата Феникс» серіктестігі 6 құс қорасының құрылысын аяқтауда. Ал, «Алель-Агро» АҚ 8 құс қорасының құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Жалпы, бүгінгі күні облыстағы құс саны 1,8 миллион басты құраса, жыл басынан бері 12,8 мың тонна құс еті өндіріліп, 13,2 пайызға артқан. Өндірілген құс етінің 475,9 тоннасы экспортталған. Сондай-ақ, 89,5 миллион дана жұмыртқа өндіріліп, 3 пайызға артып отыр.

Агроөнеркәсіп кешенінде биыл 14,6 миллиард теңгеге 16 инвестициялық жоба іске асырылады деп күтілуде. Бүгінгі күні 9 жоба Жамбыл, Меркі, Шу аудандары мен Тараз қаласында жүзеге асырылып отыр. Құны 10,0 миллиард теңгені құрайтын бұл жобалардың біреуі инкубатор, біреуі мақсары майын өндіру, біреуі балық шаруашылығы, астық сақтау қоймасы, 5 су үнемдеу технологиялары бар. Мұнда 124 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату жобасы бойынша 8,5 миллиард теңге қаралды. Бөлінген қаржыға 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 118 жұмыс орны құрылады. Осы жобалардың ішінде өңірімізге қажетті жобалар іске асырылуда. Мысалы, ауыл шаруашылығы жануарларының жүн-терісін қайта өңдеу арқылы құрама жем мен тыңайтқыштар шығару, тауықтың қиынан биогумус өндіру, алма шырынын өңдеу, картоптан фри жасау, пиязды кептіру, көкөніс сақтау қоймалары және сүт тауарлары фермалары бар. Оның ішінде 13 жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылса, 2 жоба жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.

Бүгінгі күні 7 жоба сенім білдірілген өкіл арқылы қаржыландырылып, 5 миллиард теңге игерілді. Қалған 8 жобаны несиелендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыс көлемі ауқымды. Елдімекендердің экономикалық әл-ауқатын көтеруге бағытталған жобалар да өз жемісін бере бастады. Соның бірі – ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру. Қазіргі таңда облыс бойынша 401 ауыл шаруашылығы кооперативі болса, оның 62-сі «Ауыл Аманаты» жобасы аясында құрылған кооперативтер. Олардың барлығы да жүйелі жұмыс істеп, ауыл шаруашылығының өңірде дамуына үлес қосуда.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ