Елдің дамуы жолындағы маңызды қадам
АЭС салуды қолдау жөніндегі облыстық Халықтық штаб мүшелері: Серік Қойбақов пен Сауран Қалиев облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкерлерімен кездесті. Онда АЭС құрылысы туралы алдағы референдум, атом энергетикасының келешегі мен еліміздің энергетикалық қауіпсіздігінің мән-маңызы талқыланды. Сондай-ақ, кездесуде мемлекеттің тұрақты дамуы мен өркендеуіне ықпал ететін атом электр стансасының стратегиялық, экологиялық, экономикалық және ғылыми артықшылықтары жөнінде кеңінен айтылды.
Штаб мүшелері Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуда атом энергетикасының әлеуеті зор екенін атап өтті. Уранның бай қорына ие және өзінің ядролық бағдарламасын дамытуда тиімді позицияда тұрған еліміздің жер қойнауынан алынатын отынға тәуелділікті азайтуға және энергетика саласын әртараптандыруға мүмкіндігі бар. Олар өз сөздерінде атом энергетикасына салынған инвестиция Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін айтарлықтай нығайта алатынын және булану газдары шығарындысын азайту есебінен орнықты даму мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сондай-ақ, басқосу барысында АЭС салу кезінде заманауи технологияны қолдану, қалдықтарды кәдеге жарату, кадр әлеуетін қалыптастыру және стансаға қызмет көрсету үшін жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері де көтерілді. Бұдан бөлек, алдағы уақытта елімізде өтетін маңызды саяси оқиғаның бірі – атом электр стансасын салу бойынша референдумға қатысты сөз қозғалды. Штаб мүшелерінің пікірінше, АЭС құрылысы – елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен даму жолындағы маңызды қадам.
Есен ӨТЕУЛІ