Қарттарым – асыл қазынам!
Табиғаты тағылымнан өріліп, болмысы қасиеттен құралған абыз қарттар – тәрбиенің таусылмас мектебі. Салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, жоралғыларды да жадынан шығармай жүрген де сөзі алтын, көргені көп қариялар. Ақын Нарша Қашағанұлы: «Ауыл жаққа аттың басын бұрмасаң, ағайынның адал малын ұрласаң, ақсақалға сәлем беріп тұрмасаң, қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым!», – деп жырлағандай, үлкенді ардақтау – кісіліктің белгісі.
Ақсақалдардың атқарған істері игіліктің жолы десек, сөзіміздің еш артығы жоқ. Ақылдың кеніне айналған ардақты тұлғаларды әр ауылдан кездестіруге болады. Халықаралық қарттар күні – нағыз мазмұн мен маңызға ие күн. Себебі, парасаттың өзі, көненің көзі қариялардан артық ешкім де жоқ.
Біз қазақ – атасын ардақтап, анасын құрметтеген елміз. Атасын төрге шығаратын, анасының ұлағатын ұға алатын қасиетіміз бар. Қарттық жасқа жеткен ата-анасының қабағына кірбің түсірмей, екі есе ардақтау – ұрпақ парызы.
Халқымыз жасы ұлғайған әкесі мен анасын ешқашан арнайы орталыққа тапсырмаған. Бұрынғылар қартайған әкесі мен анасына қызмет жасауды бақыт санаған. Тіпті бұл, түрлі лауазым иелерінен бастап, ғылым-білім иелері қарапайым адамдарға да қатысты міндет.
Қазына қарттарды немере-шөбересімен ойнатып, елжіреген сәтін көру – ұлы бақыт. Бүкіл адамшылықтың бастауы – атаңыз бен анаңызды ардақтау. Себебі, олар біз есейгенше асыраған абыздар. Қарттар – нағыз қазынамыз!
Есет ДОСАЛЫ