Азаматтық қоғам – саяси тұрақтылықтың кепілі
Азаматтық қоғам құру мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы өз Жолдауларында үнемі көппартиялы саяси жүйені қалыптастыру, азаматтық қоғам құру бастамаларын қолдау мен қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандандыру қажеттігін айтып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар аймақта да өз жалғасын табуда.
Мәселен сонау 2003 жылдан бастау алып, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін Азаматтық форум өткен жылы облысымызда жалғасты. Еліміздің басты демократиялық дәстүріне айналған мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың ашық пікір алысатын үнқатысу алаңында аймағымыздағы азаматтық қоғам институтының даму барысы туралы және бірнеше жылдан бері жүргізіліп келе жатқан барлық әлеуметтік жобалардың тақырыбы мен бағыты сараланып, маңыздылығына мән бере отырып, уақыт талабына сай жаңашыл әлеуметтік жобаларды енгізу бағытында жұмыстар талқыға салынды. Жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев азаматтық қоғам институттарына қолдау көрсету алдағы уақытта да өз жалғасын табатына тоқталған еді:
Әлеуметтік-экономикалық дамудың, демократиялық құндылықтардың ел игілігіне айналуындағы алғышарттардың бірі – азаматтық қоғамның белсенділігінің нәтижесі.
Соңғы жылдары қоғамдық маңызды мәселелер аясында өңірлерде волонтерлік ұйымдар, қайырымдылық және қоғамдық қорлар, адам құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктер, жергілікті қауымдастық, қоғамдық кеңестер жұмыс атқара бастады, – деп форумның мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың жүйелі жұмыс істеуіне жаңаша серпін беретінін атап өткен болатын.
Азаматтық қоғамның дамуында үкіметтік емес ұйымдардың үлесі басым. Жалпы, елімізде 23 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым болса, оның 878-і Жамбыл облысында тіркелген. Бүгінде аталған ұйымдар облыстың әр аймағында қоғамдық қатынастарға белсенді түрде араласып, өңірдің әлеуметтік дамуы мен қоғамдық диалогты қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстарды жүзеге асыруда. Мәселен, облыс орталығына жақын орналасқан аймақтардың бірі – Жамбыл ауданында 27 үкіметтік емес ұйым қызмет атқарады.
Бөлім басшысының айтуынша, ауданда үкіметтік емес ұйымдар есебіне қайырымдылық жұмыстары да жүргізіледі. Мәселен, «Жанашыр жан» қоғамдық қоры әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларына азық-түлік себетін таратуды қолға алған.Қоғамның қозғаушы күші саналған жастар санаты да мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі қолданбалы идеялар мен бастамаларды батыл көтеріп, азаматтық белсенділіктерін танытып келеді.
Сайып келгенде, азаматтық қоғам құрудағы кешенді түрде жүзеге асқан жұмыстар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» пен Әділетті Қазақстанды құру жолында, өзара ынтымақтастықты арттыруда маңызды рөл атқаратындығы анық. Мұның бір ғана мысалы ретінде пандемия мен су тасқынында қоғам өкілдері, волонтерлер мен меценаттар отаншылдық пен елге көрсеткен қамқорлығын еске алуымызға болады. Бұл өз кезегінде ұлтымыздың бірлікке ұйысып, бірегейлікке ұмтылуына жол ашпақ.
Нұрболат АМАНБЕК
Жамбыл ауданы