Денсаулық

Медицина саласының әлеуетін арттыру маңызды

Облысқа жұмыс сапарымен келген еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров және облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін ақарушы Лаура Отарбаймен бірге Меркі ауданына барды. Министр аудандағы медициналық ұйымдардың қызметімен танысты. Сапар барысында медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту және ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Министр Ақмарал Әлназарова «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында Меркі аудандық орталық ауруханасының ТРИАЖ жүйесінің құрылыс барысын көрді. Мұндағы қабылдау бөлімі – стационардың құрылымдық бөлімшесі, онда науқастар ТРИАЖ жүйесі бойынша медициналық сұрыптаудан өтеді. Бұл жүйенің мақсаты – ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмекті уақытында көрсету деңгейін арттыру. Қабылдау бөлімі КТ, МРТ және ангиография аппараттарымен жабдықталған. Фильтр, интенсивті терапия палаталары, диагностикалық палаталар, УДЗ, эндоскопия, рентген, экспресс-зертхана, кіші операциялық, акушерлік палаталар арқылы шұғыл жағдайларда көп науқастарды қабылдауға жағдай жасалады.

Базада инсульт және кардиология орталықтары, медициналық оңалту бөлімі, травматология және ортопедия, хирургия, реанимация және интенсивті терапия сияқты бөлімдер ашылады. Орталық аудандық аурухана бірнеше елді мекен тұрғындарына, соның ішінде Т.Рысқұлов ауданының көршілес аумақтарына қызмет көрсетеді.

Ақмарал Әлназарова ТРИАЖ жүйесінің науқастарға тиімді әрі нәтижелі көмек көрсету рөлін ерекше атап өтті. Бұл науқастардың жазылуына ықпал етеді, ал ауыр жарақат алған науқастарға жедел әрі тиімді емдеу жүргізіледі.

Қабылдау бөлмесінің жұмыс жүйесі науқастың жағдайы мен приоритетіне қарай шұғыл және білікті көмекті жылдам әрі тиімді көрсетуге бағытталған.

Құрылыс барысымен танысқаннан кейін министр Ақмарал Әлназарова тұрғындармен кездесті. Өңірдің денсаулық сақтау саласындағы негізгі мәселелерін, оның ішінде медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен ауылдық медицинаның жағдайын талқылады. Кездесуге қатысқан аудан тұрғындары сұрақтарын қойып, тиісінше жауаптары берілді. Дәрілік қамтамасыз ету, госпитализация және медициналық көмек алу мәселелері сөз болды. Министр кейбір сұрақтарды жеке бақылауына алды. Ақмарал Әлназарова халықпен кері байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтіп, мұндай кездесулер мәселелерге жедел жауап беруге және елдегі денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға көмектесетінін айтты.

Содан соң бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жүздесіп, брифинг өткізген министр Ақмарал Әлназарова медициналық көмектің халыққа қолжетімділігін арттыру үшін бастапқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту шаралары туралы айтты. Олардың бірі – Меркі, Жамбыл, Талас, Қордай аудандарындағы орталық аудандық ауруханаларда және Тараз қаласындағы №2 және №5 қалалық емханаларда табысты жұмыс істейтін «Үздік тәжірибелер» орталықтарын құру.

– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 18 сәуірдегі №288 «Инновациялық технологияларды енгізу туралы» бұйрығына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы «Ақылмандар кеңесі» құрылды. Бұл өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Медициналық ұйымдарда «Халықтық мониторинг және халықпен кері байланыс» жобасы енгізілді, бұл халықпен тығыз байланыс орнатуға ықпал етеді. Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасының «Оперативтік орталығы» ашылып, барлық медициналық ұйымдарда науқастарды қолдау CALL-орталығы жұмыс істейді. Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың көпшілігінде 30-дан астам халықтық кеңес құрылды, – деген министр ауылдық жерлерде медициналық ұйымдар ашу перспективалары мен жоспарлары туралы да айтып өтті.

Биыл 26 нысанның құрылысына 3,9 миллиард теңге бөлінген. Оның 20 медициналық және санитарлық объекті (4 ВА, 10 ФАП, 6 МП) «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында іске асырылады. Сонымен қатар, Жамбыл ауданы, Қоңыртөбе ауылында 136,4 миллион теңгеге 5 келушіге арналған медициналық пункт салынып жатыр.

Сондай-ақ, орта мерзімді перспективада Байзақ, Қордай және Жуалы аудандарында аудандық ауруханалар салу жоспарлануда. Меркі, Шу және Талас аудандарындағы ауданаралық көпбейінді ауруханаларды модернизациялау көзделген. Тараз қаласында 400 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухана, 250 төсек-орынға арналған перинаталдық орталық, жедел медициналық көмек станциясы, 350 төсек-орынға арналған инфекциялық аурухана, 250 келушіге арналған емхана және Жаңатас қаласында 200 төсек-орындық аурухана салу жоспарланған.

Денсаулық сақтау министрі ауылдық жерлерде бастапқы медициналық-санитарлық көмектің сапасын арттыру жобасы туралы да айтты. Министрлік міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін оңтайландыру және медициналық сала әлеуетін арттыру бойынша жұмыс істеп жатқанын және медициналық оқу орындарымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде өңірлерге мамандар тарту үшін жағдайлар жасалғанын да жеткізді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА