Саясат

«Салауатты сана» баянды болашақ үшін

Қазақстан халқы ассамблеясы XXXIII сессиясының шешімдерін іске асыру аясында қоғамдық құрылымдармен бірлесіп, 13 арнайы жобаны іске асыру жоспарларын әзірлеп, бекіткен. Ол жобалар ассамблея құрылымдарының Парламентпен, мемлекеттік органдармен, мәслихаттармен өзара іс-қимылын күшейтуге, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге, жалпыазаматтық бірегейлікті, қоғамдағы сенім мәдениетін нығайтуға, әлеуметтік кеселдерге қарсы іс-қимылға, жастарды тәрбиелеуге және жас кадрлар даярлауға арналған. «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясындағы «Салауатты сана» жобасы нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресуге бағытталған. Жақында оның негізгі мақсатын жеткізіп, жобаны кеңінен насихаттау үшін арнайы жиын өтті.

Облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырған басқосуда уәкілетті орган өкілдері мен өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесінің жұмыс жүргізу мәдениетін қалыптастыру көзделді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресуде маңызды рөл атқарады. Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуіміз керек. Қоғамдық кеселдерді түбірінен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн. Ұлтына, дініне, нәсіліне, әлеуметтік жағдайына қарамай, оған барлығы атсалысуы керек» деген болатын. Қатерлі құбылыстармен күресте ассамблеяға айрықша міндет жүктеліп отыр. Мұны ассамблея мүшелері осы ұйымның әлеуеті мен мүмкіндігіне деген сенім деп қабылдап, үдеден шығуға барынша жұмыс істеуде. Жаңа жобаны да Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесі қолға алып отыр.

Республикалық Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің мүшесі Айгүл Кабиева жүргізген жиында түрлі сала мамандары ойынқұмарлық пен есірткіге тәуелділіктен жастарды арашалаудың жолдарын және ысырапшылдыққа, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу шараларын айтты, қоғамдық мәселелерді талқылады. Облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төраға орынбасары Сара Даузова «Салауатты сана» жобасын жан-жақты таныстырды. Енді осы жоба аясында баянды болашақ үшін жоспарланған іс-шаралар жүзеге асырылатын болады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА