Асфальтталған көшенің сапасы көңіл көншітпейді
Көшелерді асфальттап, жөндеу үшін тұрғындар әкімдерге өтініш айтып, шағымдану керек пе? Әлде шағым жазылмаса, көше толық асфальттанбайды ма? Қалай ойлайсыздар? Олай дейтінім, Тараз қаласындағы Салқам Жәңгір атындағы көшенің жөндеу көрмей, тұрғындардың жүріп-тұруына қиындық туғызып жатқанын айтып, шағымданғанбыз. Оны басылымға, яғни облыстық «Aq jol» газетіне де жазып, жариялағанбыз. Содан кейін көшеміз асфальттанған еді. Тұрғындар шын қуандық.
Бірақ, қуанышымыз су сепкендей басылды. Себебі, көше тұрғындары зарыға күткен жөндеу жұмысы соңына дейін жеткізілмей, аяқсыз қалды. Тарихи тұлға Салқам Жәңгірдің есімі берілген көшеге бір қабат асфальт төсегеннен кейін жұмыс тоқтап қалды. Қазақ ханының атындағы көшеге осындай көзқарас болғаннан кейін, басқа көшелерде не болатынын білмеймін.
Асфальт төселіп жатқан кезде «екінші қабат та төселеді» деп уәде берілген еді. Сол уәде бойынша жол бойындағы және жолдағы құдықтардың айналасын ойып қазып, төселген асфальттан құдықтардың ернеуіндегі металл сақинаны 5-7 сантиметр жоғары көтеріп, айналасын бетондап шықты. Ұзындығы бір километрге жетпейтін көшеде осындай 26 құдық бар. Автокөлікпен жүруге өте ыңғайсыз. Құдық ернеуі екінші қабат асфальт төселгенде жолмен бірдей болар еді. Біріншіден, екінші қабат асфальт төселген жоқ. Екіншіден, кейбір құдықтардың ернеуіндегі сақиналар жоғары көтерілместен, айналасы бетондалмастан беті ашық қалып кеткен. Сол құдықтарға велосипед айдап жүрген балалар түсіп кетіп, аяқ-қолдарын сындырып жатыр. Бұл айтқандарымыздың дәлелі де бар. Ал, осындай жағдайларда бір баланың өмірі қиылса, өкініштің орнын кім толтырады? Ойланарлық жағдай. Сондықтан, мұндай қайғы болмас үшін дер кезінде шешім қабылдап, кемшіліктерді жою керек. Яғни, құдықтардың ернеуі көтеріліп, бетондалып, қақпақтары орнатылуы тиіс және екінші қабат асфальт төселуі керек.
Юлдашбай ДӘРІБАЕВ,
Тараз қаласының тұрғыны.