Фабрика жұмысшылары марапатталды
Қашан да жұмысшы мамандығы құрметке лайық. Осыған орай Еңбек күні мерекесі қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар» қоғамдық жобасын іске асыру аясында, облыстық мәслихат депутаттары Тараз қаласындағы «ТаразКожОбувь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшыларымен кездесті.
Жиынды «ТаразКожОбувь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Шамухтар Шаюнусов ашып, кәсіпорынның әлеуеті туралы кеңірек мәлімдеп, жұмыс барысымен таныстырды. Алпыс жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жеңіл өнеркәсіп ошағында бүгінде 200-ден аса қызметкер бар. Басқосу барысында фабриканың көп жылдық табысты жұмыс тәжірибесі, жеткілікті өндірістік және кадрлық әлеуеті, заманауи және қажетті түрлі мақсаттағы аяқ киім шығаруға мүмкіндік беретін дамыған инфрақұрылымы бар екендігі айтылды.
Кездесу барысында сөз алған облыстық мәслихат депутаты, «Байтақ» жасылдар партиясы облыстық филиалының төрағасы Серік Қойбақов өңірдің экономикалық дамуына үлес қосып жүрген отандық кәсіпорын қызметкерлерін Еңбек күні мерекесімен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Сәуле Досымбекқызы, облыстық мәслихат депутаты, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің облыстық филиалы қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Жалил Аббосов, «Днепро» украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Федор Клименко да еңбеккерлерге мерекелік жылы лебіздерін жеткізіп, еңбектері үшін шынайы алғыс білдірді.
Шара барысында талай жылғы қажырлы еңбегі үшін кәсіпорын қызметкерлері Шырынкүл Жүсіпәлиева, Константин Екель, Бұлбұл Сембиева, Сергей Бажин және кәсіпорынның бас директорының орынбасары Шамухтар Қарабайұлы арнайы марапатқа ие болды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ