Қаламы қарымды жазушы
Тараз қаласының Абай атындағы орталық кітапханасында жазушы-журналист, өлкетанушы, қарымды қаламгер Мақұлбек Қайыпбекұлы Рысдәулеттің 75 жылдығына арналған «Қаламы қарымды жазушы» атты әдеби қонақжай кешіндегі ардагерлер мен мектеп шәкірттері арасындағы басқосу әсерлі өтті.
Кітапхананың бөлім меңгерушісі Гүлжазира Дунесова жазушының еңбек жолдарын қысқаша баяндап берді.
«Тараз қаласының мемлекеттік мұрағаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Нұрхат Серікбаев қаламгердің бір қыры – архив деректерін сөйлете білуі. Бұл туралы Мақұлбек ағамыздың өзі: «Тарихи шындыққа тек мұрағат құжаттары арқылы көз жеткізуге болады» деген сөзін дамыта отырып, шаң басқан деректерді жарыққа шығарып, халықтың игілігіне айналдырған орасан зор еңбектерін атап өтті.
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі А.Мақашев та жазушының мұрағаттағы елеулі еңбектеріне тоқтала келіп: «Қазақстан тарихы» энциклопедиялық анықтамалығында (Алматы, 2010) соғыстағы ерліктері үшін 499 қазақстандық (94-і қазақ) Кеңес Одағының Батыры атағын алғаны көрсетілген. Осы ең жоғары жауынгерлік мемлекеттік марапатқа ие болғандардың 16-сы жерлестерімз екендігі айтылып келеді. Ал аталған кітапта Мақұлбек Рысдәулет мұрағат деректеріндегі бұлтартпас деректерге сүйенуі арқылы, олардың саны сегіз жауынгермен толығып, жиырма төртке жеткен. Әрі бұрыннан есімдері таныс батырлар ғана емес, жаңадан қосылғандардың өмірбаяндарына қатысты тың деректер, қызықты құжаттар келтіріледі», – деп сөзін қорытындылады.
Қонақжай кешінің соңында «Қаламгер қазынасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, жазушының жақында ғана баспадан жарық көрген «Өрелі сөзді өрнектеген» атты ктабы көпшілікке таныстырылды.
Сауранбек ЖАМАЛБЕКОВ,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы.