Аса жағасындағы әсерлі кеш
Мәдениет қашанда ұлттың болмысы негізінде жалғасып, атадан қалған асыл мұра ретінде бағаланады. Ғасырлар бойы қалыптасып, бүгінгі күнге мирас болып жеткен, көзіміздің қарашығындай сақталған төл мәдениетімізді ұлықтау және өскелең ұрпаққа аманаттау – бүгінгінің міндеті. Бұл бағытта өңірімізде өткен жылдан бері ұлтымыздың ұлық құндылықтарын дәріптеп, қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған «Мәдениет – асыл қазынам!» атты мәдениет күндері ұйымдастырылып келеді. Биыл облыстың 85 жылдық мерейлі тойына орай өткізіліп жатқан мәдениет күндері Жамбыл ауданында жалғасты.
Мәдениет күндері мерекесінде көне базар композициясы ұйымдастырылып, саудагерлер ежелгі заманнан келген кейіпкерлердей кейіпке енді. Көне базардағылардың бірі жүн түтсе, бірі алаша құрап, ұршық иірді. Қолөнер шеберлерінің көрмесі көздің жауын алса, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде тұрғындар ет, сүт, бақша өнімдерін арзан бағада сатып алып жатты. Орталық алаңда ұйымдастырылған спорттық және ұлттық ойындар – асық ату, гір тасын көтеру, қол күрес, дойбы, қазақша күрес, арқан тарту, тоғызқұмалақ, футболдан жарыс ұйымдастырылып, жастардың басым бөлігі осында білек күштері мен ептіліктерін өзара сынасты. М.Төлебаев атындағы өнер мектебінің ұжымы күмбірлеген күймен шара шырайын ашып, қылқалам мен саз балшықтан жасалған әсем дүниелердің көрмесін көпшілік назарына ұсынды. Домбырашылардан құралған ансамбль әуені Аса ауылының аспанын әсем әнге бөледі. Аудандық білім бөлімі мен техникалық шығармашылық орталығының түрлі технологияны пайдаланып құрастырған макет, ұшақтары мен роботтары көпті таңырқатпай қоймады. Ал, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің тапқырлығына халық сүйсінді.
Аса жері – Айша бибідей арудың ізі қалған қасиетті өлке. Қарахан мен Айшаның махаббатына мәңгілік куә кейпінде тарихта қалған қастерлі өңірді бүгінде білмейтін жан жоқ. Табиғатының өзі иіп берген демі жұмсақ, сулы да нулы Жамбыл жерінің топырағы киелі. Халқы Талас және Аса өзендерін жағалай қонған құт мекеннің сол киелі топырағы ұлылық тудырмай қоймайды. Осындай құтты мекеннің мәдениет күніне орай ауданда тарихи-өлкетану музейі ашылып, аудандық мәдениет үйі күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілді. Екі бірдей ауқымды істің тиянақталуы мереке көрігін қыздырып, аудан халқының қуанышын еселей түсті.
Кейінгі жылдары ауданның рухани потенциалы артып келеді. Бүгінде ауданда Қызылқайнар ауылдық Мәдениет үйі, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, аудандық мемлекеттік архив, балалар мен жасөспірімдер сарайы ғимараттарының құрылысы жүргізілуде. Бұған қоса, Ерназар және Өрнек ауылдық кітапханалары ағымдағы жөндеуден өткен. Тастөбе ауылдық клубына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, Ащыбұлақ, Шайдана, Өрнек, Ерназар ауылдық кітапханалары, Ерназар және Шайдана ауылдық клубтары газдандырылған. Бұдан өзге аудан аумағында 223 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Соның ішінде бүкіләлемдік ЮНЕСКО мұралары тізіміне енетін Айша бибі кесенесі мен республикалық дәрежедегі Бабаджа Хатун кесенелері, Жікіл қалашықтары бар.
Жамбыл ауданы – талай ақын-жазушы, елі үшін туған қайраткер мен батырлар дүниеге келген қасиетті мекен. Ауданнан еліміздің өркендеуіне үлес қосқан Өмірбек Байгелді, Қаратай Тұрысов, Көпжасар Нәрібаев, Шәкен Ниязбеков, Бекжасар Нәрібаев, Рақыш Әміров, Қалқабай Сартбаев, Қапаш Тасболатов, Лесхан Байсерке, Серікхан Байтілен, Рашид Бакиров және басқа қайраткерлер шыққан. Ал, ақын-жазушылар мен өнер майталмандары арасынан Әкім Тарази, Тұңғышбай Жаманқұлов, Кәрім Баялиев, Бақытяр Әбілдаев, Мейірхан Қуанышбаев, Сұлтан Қалиев, Мұса Рахманбердиев, Совет Әлімқұлов, Базар Қилыбаев, Әшір Молдағайынов, Құрмаш Маханов, Мөлдір Әуелбекова, Маралбек Бабақұлов, Ғани Мәтебаев, Серік Қалиев, Айтмұханбет Исақов, Ахметжан Өзбеков және басқаларының есімдері құрметпен аталады.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Көңілді кеште «Аса сазы» ансамблі, «NOMAD», «Салбұрын», «Жігер» топтары, Мөлдір Әуелбекова, Ғани Мәтебаев пен Маралбек Бабақұлов және Мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, мерекелік іс-шара «Жайна, Жамбылым!» әнімен қорытындыланды.
Нұрболат АМАНБЕК
Жамбыл ауданы