Жаңалықтар

Мәдениет күндері Меркіде жалғасты

«Мәдениет – асыл қазынам» атты облыс аудандарының мәдениет күндері Меркі ауданында жалғасты. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев, облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай және Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков қатысты. Мәдени іс-шара алдымен ұлт-азаттық көтерілістің көсемі Ақкөз Қосановтың 165 жылдығына орай батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Әрі қарай мерекелік жиын орталық алаңдағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне ұласты.

Ал, орталық стадионда киіз үйлер тігіліп, қолөнер шеберлерінің көрмелері халық назарына ұсынылып, тұрғындар түрлі спорттық көріністердің куәсі болды. Өз сөзінде аудан әкімі Жорабек Баубеков мемлекет дамуында мәдениет пен руханияттың рөлі ерекше екендігіне баса мән беріп өтті.

Мәдени іс-шара әрі қарай «Мәдениет – асыл қазынам» атты концерттік бағдарламаға ұласты. Думанды кеште аудан өнерпаздары және өңірден шыққан өнер қайраткерлері, яғни Қазақстанның халық артисі Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Бағдат Сәмединова және республикаға танымал өнерпаздар Оңал Азаматова, Бағлан Бәбіжан, Наурыз Құлданов пен Болатхан Назымгүл, Асыл Жомартов, Данияр Жақсылықов, Біржан Байбол, Дильназ Бердалиевалар өнер көрсетті. Концерттік бағдарламадан кейін мерекелік кеш қонақтары ауданда орналасқан Тұрар Рысқұловтың музей-үйімен танысты.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Меркі ауданы