Экономика

Бизнес-қауымдастық алдында есеп берілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Кәсіпкерлік кодексінің 131-1 бабына сәйкес, жыл сайын қыркүйек айының соңғы бейсенбісінде бақылау және қадағалау органдары бизнес-қауымдастық алдында есеп береді. Республика бойынша бірыңғай есеп беру күні биыл 26 қыркүйекке сәйкес келді.

Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтық сауаттылығын арттыруды көздеген іс-шара М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өткізілді. Мемлекеттің бақылау-қадағалау қызметін реформалауды іске асыру шеңберінде мемлекеттік бақылау мен қадағалау мәселелері бойынша заңнаманың міндетті талаптарын бұзушылықтарының жүйелі профилактикасын дамыту мақсатындағы кездесуге облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек қатысты.

Биылғы қаңтар-тамыз айлары аралығында мемлекеттік қадағалау органдары тарапынан, жалпы барлығы 2756 тексеру тіркеліпті. Оның ішінде, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне 1261 тексеру тағайындау туралы актілері тіркелген. Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексерулердің 462-сі микрокәсіпкерлік, 579-ы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, 138-і орта кәсіпкерлік, 82-сі ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жүргізілген.

Кездесу барысында мемлекеттік кірістер департаментінің, облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің, Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің жыл басынан бері атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға мемлекеттік қадағалау органдарының өкілдері тиісінше жауап берді. Кеңес қорытындысы бойынша хаттама толтырылып, кәсіпкерлерге облыстық кәсіпкерлік палатасы арқылы жеткізілетін болады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА