Әлеумет

Әлем қолөнершілері Әулиеатада бас қосты

Жамбыл жеріне арысы сонау АҚШ-тан, бергісі көршілес Қырғызстаннан қолөнер шеберлері арнайы келіп, ІІІ «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты көрмеде бас қосты.

Халықаралық сипаттағы іс-шараның салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, халықаралық қолөнершілер қауымдастықтарының, туризм саласы бойынша мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты. Ауқымды жиынның шымылдығын ашқан Әбілхайыр Ғалымұлы аталған көрменің өңірдің туристік әлеуеті үшін мән-маңызын айшықтап берді.

Одан әрі көрмеге келген меймандар арнайы баспасөз конференциясына қатысып, тарихи Тараз туралы лебіздерімен бөлісті.

Бұл оқиға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Швейцария, Болгария, Моңғолия, Үндістан сияқты түрлі елдерден 200-ден астам қолөнершілерді, сондай-ақ Қазақстанның түрлі өңірлерінің өкілдерін тарта отырып, өңірдегі ең ірі мәдени-туристік алаңдардың біріне айналды. Ресми бөлімнен кейін меймандардың барлығы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінің аумағында орналасқан «Қолөнершілер қаласына» ат басын бұрып, онда жергілікті қолөнершілер өз бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Мұнда «Qoloner Taraz» қоғамдық бірлестігінің өкілдері Раушан Иманалидің жетекшілігімен жүннен, киізден және басқа да материалдардан әзірленген бірегей қолдан жасалған бұйымдар таныстырылды. Көрмеге арнайы қатысқан қолөнершілер Елена Медведская мен Әлия Дүйсетаева қолдан бұйым жасау процесі ләззат әкелетін басты хоббиге айналғанын атап өтті.

Көрме барысында шеберлер өткен дәуірлердің қолөнершілері жасаған тарихи бұйымдармен, сондай-ақ, заманауи өнер бұйымдарымен танысты. Шеберлерді қолдауға ерекше назар аударылды. Олар үшін шеберлік сыныптары ұйымдастырылып, онда қолөнер саласында ұзақ жыл тер төгіп келе жатқан әріптестерімен тәжірибе алмасып, өз жұмыстарын көрсетті. Сонымен қатар, көрме қолөнершілер, мәдени ұйымдардың өкілдері мен әлеуетті сатып алушылар арасында байланыс орнатудың тамаша алаңына айналды.

Халықаралық қолөнершілер көрмесі Таразда мәдени туризмді ілгерілетуде шешуші рөл атқарады. Аталған іс-шара Халықаралық қоғамның назарын аудара отырып, қаланың қолөнер және мәдениет орталығы ретіндегі мәртебесін арттырады. Көрме жойылып бара жатқан қолөнер бұйымдарын сақтауға, шеберлерді қолдауға және қолөнер өндірісін дамытуға жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етуде.

Көрменің үш күндік бағдарламасы қолөнер бұйымдарын көрсету ғана емес, сонымен қатар бай мәдени және білім беру бағдарламаларын да қамтитынын атап өткен жөн. Келушілер кәдесыйлар жәрмеңкесін, сән көрсетілімдерін, қолөнер бойынша шеберлік сыныптарын тамашалауда. Сондай-ақ, жас қолөнершілер «Тараз мотивтері» атты қолөнершілер байқауына қатысып жатыр. Айта кету керек, іс-шара үлкен гала-концертке ұласып, шет елден келген меймандар Тараздың тарихи орындарын араламақ.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ