Денсаулық

Медицина саласында оң өзгерістер бар

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын Байзақ аудандық денсаулық сақтау саласының қызметкерлері де тыңдады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі бастамалары бұған дейінгі Жолдауларынан және сайлау алдындағы бағдарламасынан бастау алған реформаларды одан әрі дамытуға арналды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде азаматтардың тұрмысын жақсартуды көздейтін жүйелі экономикалық өзгерістерге баса назар аударды. Президент атап өткен барлық тоғыз басымдық мемлекеттік саясатты дәл осы міндетті орындауға жұмылдырады. Жолдауда жүзге жуық түрлі бастамалар, ұсыныстар және тапсырмалар бар.

Мысалы , денсаулық сақтау саласына қатысты алтыншы бағытта Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керектігі айтылды.

Бәрімізге белгілі, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі елімізге 2020 жылдан бастап енгізіліп отыр.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізді.

Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ.

Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды.

Бюджеттің мүмкіндігімен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал, одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс.

Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес. Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек», – деді Президент.

Бүгінде Байзақ ауданы бойынша емдеу мекемелеріне тіркелген халық саны 93500 адам болса, оның ішінде 17985 адам бүгінгі күнге сақтандырылмағандар тізімінде тұр.

Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыру арқылы, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде де оң нәтиже орын алады деген үміттеміз.

 

Жандос РЫСҚҰЛОВ,

Байзақ аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері.