Шаруасы шалқыған шаруашылық
Күзгі жиын-терім жұмыстары Қордай ауданында да қызу жүргізілуде. Әсіресе, картоп жинау науқанына диқандар бар күшін жұмылдырған. Осындай қайнаған жұмысты Масаншы ауылынан да көруге болады. Бүгінгі күні ауылдағы қайнаған жұмысты «Щенхо» шаруа қожалығының алқаптарынан да көруге болады.
Қожалық жетекшісі Керім Уджурдың айтуынша, осы кәсіппен айналысқандарына жиырма жылға жуықтапты. «Күз айлары молшылықтың, береке-ырыстың айы. Біз үшін, диқан қауымы үшін қауырт шақ. Күздің әрбір шуақты сәтін тиімді, ұтымды пайдаланып, көкөніс пен картобымызды ертерек жинап алып, қамбаға жинауға күш саламыз. Жаз бойы талмай істеген еңбегінің жемісін, табиғаттың сарқылмас сыйын көретін де осы шақ екені даусыз. Төккен тер мен еткен еңбек еленіп, оның жемісін татып жатқанға не жетсін», дейді қожалық жетекшісі.
Шаруашылықтың басы-қасында жүріп, көп шаруаға араласып жүрген қожалық жетекшісінің көмекшісі Рахим Омарұлы негізгі жұмыс барысымен таныстырды. Оның айтуынша, қожалық 2008 жылдан бері көкөніс және дәнді-дақылдарды өсірумен айналысып келеді.
Егінді егу оңай болғанымен оны баптау, өсіру қиын. Маңдай теріңді төгіп, еңбек етпесең, жерден пайда таба алмайсың. Айта кету керек, бұл шаруа қожалығында егіс жұмыстарына 250 үлескер жұмылдырылып, өз нәпақасын теруде.
Сонымен қатар, механик, механизатор, агроном лауазымындағы тұрақты қызметкерлері бар. Дала төсінде күннің ыстығына, желі мен жаңбырына қарамай еңбек етіп жүрген кез келген еңбек адамы қандай сый-құрметке болса да лайық. Елге келетін ырыс еңбекпен еселенетінін есімізден шығармаған жөн. Шаруалардың ел игілігі үшін жасап жатқан жұмысын көріп еріксіз көңілің серпіледі. Біздің ұққанымыздай, әзірге көкөніс алқаптарында жұмыс бірқалыпты жүріп жатыр.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ,
журналист.
Қордай ауданы