Өнімділік артып келеді
Былтыр Жуалы ауданында 2723 гектар алқапқа картоп отырғызылып, одан тиісінше мол өнім жиналған болса, биыл алқап көлемі едәуір қысқарып, 1500 гектарды құрап отыр. Әрине, даңқы картоппен шыққан аудан үшін бұл аз. Дегенмен, әлі де болса ауданның бұрынғы даңқын өңірде ұстап тұрған бірден-бір шаруа қожалық, ол – «Злиха».
Шаруашылық бүгінде элиталы картоп тұқымынан мол өнім жинау үстінде. Жоғарыда айтқанымыздай, 1,5 мың гектар алқапқа отырғызылған картоптың 283 гектары біз сөз етіп отырған шаруашылық қарайтын Нұрлыкент ауылдық округінің шаруаларына тиесілі. Жалпы, бұл ауылдық округке қарасты Түктібай ауылында ілгеріде «Бурненский» совхозында картоп өсіруші болып жемісті еңбек ету арқылы айтарлықтай нәтиже мен жоғары жетістіктерге жеткен атақты еңбек майталмандары көптеп кездеседі. Картоп өсіру дәстүрін жалғастырушылар аталған ауылда әлі де бар.
Картоп – екінші нан. Одақ кезінде дәмі ерекше тіл үйіретін ірімшігімен және ақ картобымен аудан даңқының алысқа тарап, өңір еңбеккерлерінің еңбегі еленіп, мемлекет тарапынан жоғары бағаланғанын жақсы білеміз. Кейіннен Одақ тарап, ұжымшарлар бөлінгеннен кейін өңірде жаңадан шағын шаруашылықтар құрыла бастады. Ауданда Тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаңында құрылып, бүгінде аяққа нық тұру арқылы кемеліне келген шаруашылықтың бірі әрі бірегейі ретінде Түктібай ауылында орналасқан «Злиха» шаруа қожалығын айтуға болады. Көп жылғы еселі еңбек пен жүйелі жұмыстың нәтижесінде аталған қожалық бірер жыл бұрын «Тұқым шаруашылығы» статусына ие болды. «Злиха» шаруа қожалығы 2001 жылдан бастап картоп өсірумен тұрақты айналысып келеді.
Жұмыс барысында кездескен қиындықтарды қажырлы еңбекпен еңсере білген шаруашылық биыл картоп алқабының көлемін 70 гектарға дейін ұлғайтып отыр. Өңірде тұқым шаруашылығы ретінде танылған шаруа қожалық көп жыл тынбай ізденудің нәтижесінде картоптың голландиялық тұқымын жаңа технологияның негізімен отырғызып, басқа тұқымдарға қарағанда әлдеқайда мол өнім беретін бірнеше сортты жерсіндіруге ұдайы күш салып келеді. Бұл үшін Голландия мемлекетінен жыл сайын 20 тоннаға дейін І репродукциялы картоп тұқымы жеткізіліп, шаруашылықта аудандастырылған жоғары сапалы тұқым өңірдің басқа да шаруашылықтарына тиімді бағамен өткерілу үстінде. Тұқым шаруашылығы басқа шаруашылықтарға жылына 280 тоннаға дейін тұқым таратуда.
Көп жылғы ізденістің нәтижесіз болмайтыны анық. Тұқым шаруашылығы биыл егістік алқаптарға картоптың «Пикассо» және «Коломба» аталатын элиталы сорттарын орналастырған. Жаз бойы тиісті агротехникалық шараларды сақтау арқылы күтіп-бапталып, күз түсе әбден пісіп-жетілген картопты жинау науқаны жақында ғана бастау алды. Биыл шаруашылықта 70 гектар алқапқа картоп тұқымы отырғызылғанын жоғарыда айтқанымыздай, алқаптар 5, 6, 7, 10, 15 гектарға бөлінген.
Айтса айтқандай, теміржолдың үстіңгі бөлігінде ақ егіс пен көпжылдық шөп алқабына қарағанда, картоп орналастырылған алқаптардың үлесі көбірек. Сәтін салса, бірер күннен кейін мұнда да қазу жұмыстары басталмақ.
Шаруашылықтың жеті гектар картоп алқабы Көлбастау ауылының маңында орналасқан. Өткен аптаның соңында мұнда қазу жұмыстары басталды. Қазір науқандық жұмысқа 25 маусымдық жұмысшы тартылған. Одан бөлек, жүк тасушылар, онымен қоса, ЗИЛ, ГАЗ-53 маркалы үш ауыр жүк көлігі, картоп қазуға және картоп толтырылған темір контейнерлерді жүк көлігіне тиеуге арналған екі бірлік «МТЗ-82» тракторы жиын-терім жұмыстарына жұмылдырылған.
Шаруашылық жетекшісі Керімқұл Бегалиевтің айтуынша, қазыққа түскен мұндағы жеті гектар алқапқа картоптың «Коломба» голландиялық элита сорты орналастырылған.
Алқап басында жұмыс істеп жатқан терімші әйелдермен сөйлескенімізде, олар теру жұмыстарының қалыпты жағдайда өтіп жатқанын, онымен қоса, күнделікті еңбегіне 5 000 теңге және бір шелек картоп алатындарын айтты.
Бір атап өтерлігі, аталған шаруашылық 15 гектар тың алқапқа «Пикассо» картоп тұқымын отырғызып, жаз бойы күтіп-баптау жұмыстарын жүргізсе, сондай-ақ, басқа алқаптарға Голландиядан әкелінген элиталы картоп тұқымын орналастырған екен. Сушылар да биыл өнімділіктің жаман болмайтынын айтады. Әрине, барлығы күтіп-баптауға байланысты болмақ.
Адал еңбекті ардақ тұтқан шаруа қауымы үшін қазір жауапты әрі қауырт шақ екені белгілі. Өңірдегі картоп өсіруші «Злиха» шаруашылығынан да дәл сондай қызу еңбекті көруге болады. Алқап басында жиын-терім науқаны қызу жүргізілуде. Жұмыстарды істің жайын жақсы білетін шаруашылықтың бас мамандары – Нұрлан Лес пен Данияр Байбатыров үйлестірсе, одан бөлек, тәжірибелі сушылар – Нұрлан Иманбеков, Дастан Оспанов, Бауыржан Мамыр және Ерболат Бегалиев картоп алқаптарын күтіп-баптау және жазғы суару науқаны кезеңінде уақытпен санаспай еңбектенді.
Өңірде картоп өсіру ісінде көп жылдық мол тәжірибесімен қатар, өндіріске жаңа технологияларды батыл енгізуімен ерекшеленетін «Злиха» шаруа қожалығының картоп тұқымы негізінен алдыңғы жылдары жоңышқа орналасқан тың алқаптарға отырғызған. Шаруашылықта агротехникалық шаралардың қатаң сақталатынын және өнімділіктің мол болуына ауыспалы егістіктің тигізіп отырған оң әсерін айтуға тиіспіз. Оның үстіне, картоп алқабына адам денсаулығына зиянды тыңайтқыштардың берілмеуі де өнімнің экологиялық таза болуының бірден-бір кепілі болмақ..
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы