Жаңалықтар

Отбасындағы үйлесімділік – жемісті жұмыстың кепілі

Облыстың азаматтық қорғау саласында махаббат, құрмет, өзара қолдау және түсіністік пен сыйластық орнаған ондаған отбасы еңбек етеді. Осындай отбасында сүйіспеншілік пен үйлесімділік орнаған жандардың жұмыстары да жемісті әрі жүйелі болатыны айдан анық.

Мәселен, құтқарушы Ерболат Керімбаевтың отбасын дәл осындай жанұялардың қатарына жатқызуға болады. Сарысу ауданының Жаңарық ауылында дүниеге келген Е.Керімбаев орта мектептің 9-сыныбын бітірген соң, теміржол колледжінде орта арнаулы білім алды. Содан бері №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінде қызмет етіп, адамдардың өмірін құтқарып, өрттер мен төтенше жағдайларды жоюға белсенді қатысып келеді.

Болашақ жарын өзі еңбек ететін салада жолықтырған Ерболат тағдырын 2016 жылы байланыс құралдарын жедел басқару орталығының диспетчері Жанар Назановамен бір арнаға тоғыстырып, отбасын құрады. Қазіргі уақытта Ерболат жан жары Жанар екеуі Жанболат пен Муслим есімді екі ұл тәрбиелеп отыр. Олар балаларына көп уақыт бөліп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді, еңбекқорлықты, білімге деген құштарлықты және салауатты өмір салтын ұстануды үйретуден жалыққан емес. Сондай-ақ, өмірге деген көзқарастары бір бағыттағы ерлі-зайыптылардың қызығушылықтары да ортақ және кез келген жағдайда бір-біріне қолдау көрсетуге әрқашан дайын тұрады.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Байзақ ауданындағы №8 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Шынболат Әзімбаев Сарыкемер ауылында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтаған соң, ТЖМ Көкшетау техникалық институтында (қазіргі М.Ғабдуллин атындағы институт) «Әскери іс, өрт қауіпсіздігі және адам құтқару» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Сондай-ақ, ол 2013 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша аяқтаған. 2011-2013 жылдар аралығында Алматы облысының Ұзынағаш ауылындағы №28237 әскери бөлімде взвод командирі, тыл қызметі бастығығының орынбасары лауазымдарында жұмыс істеген. Ал 2015 жылдан бері Қордай ауылындағы №9 өрт сөндіру бекетінде және Меркі ауылының №11 өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы, басқарма аппаратында және Байзақ ауданындағы №8 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары лауазымдарында қызмет атқарып, аудан, облыс, тіпті республика көлеміндегі түрлі сипаттағы өрттер мен апаттарды жоюға белсенді асталысып келді. Бүгінде Шынболат Берікұлының тікелей қатысуымен төтенше аумақтан құтқарылған адамдардың санын есептеуден жаңыларыңыз анық. Шынболат өрт сөндіру саласында білікті маман болып қана қоймай, қосымша спортпен де белсенді айналысады. Мысалы, армрестлинг (қол күресі) бойынша спорт шебері, дзюдодан спорт шеберіне үміткер және Қазақстан чемпионы, қоян-қолтық ұрыстан Азия чемпионы, сондай-ақ Қазақстанның 5 дүркін чемпионы атақтарын иеленуі Шынболаттың мақсатына жетпей тынбайтын нағыз істің адамы екенін айғақтай түседі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің аға тергеушісі, азаматтық қорғау капитаны Алиасқар Айтжанов Ресейдің Азаматтық қорғаныс істері, төтенше жағдайлар және табиғи апаттар салдарын жою жөніндегі мемлекеттік өртке қарсы қызмет академиясының түлегі. Ол «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша білім алып, әскери іс және қауіпсіздік саласында біліктілікке ие болған жан. Азаматтық қорғау органдарында 2018 жылдан бастап қызмет істеп келе жатқан Алиасқар үшін өмірлік құндылықтардың басты басымдығы – отбасы. «Отбасы – бұл адамда болуы мүмкін ең басты нәрсе, ал отбасылық бақыттың кепілі – бұл сыйластық, мейірімділік, түсіністік, ашықтық және қайырымдылық» деп есептейтін Алиасқардың өз отбасы дәл осындай құндылықтар мен қасиеттерге ие деуге әбден болады. Алиасқардың тұлға ретінде қалыптасуы жолында жақындары әрдайым жанында болып, қолдау көрсетіп, кеңес беріп отырды. Енді оның өзі жақсы жар, қамқор әке ретінде отбасын қорғауға, қызына жақсы үлгі болуға тырысып келеді.

Азаматтық қорғау капитаны Алиасқар Айтжанов бүгінде әкесінің ісін жалғастырып, азаматтық қорғау органында әпкелерімен бірге қызмет етіп жүргенін мақтаныш етеді. Алиасқардың әкесі Нұхматулла Алашбаев бұл салаға 25 жылдан астам өмірін арнап, өз ісіне адал әрі жауапты маман ретінде танылған, болашақ ұрпаққа үлгі болар тұлға. Алиасқар бала күнінен әкесінің өз ісіне адал берілгенін көріп өсті. Әкесінің адамдардың өмірі мен мүлкін құтқару жолындағы ерліктері туралы әңгімелерін сүйіп тыңдайтын. Сол себепті болашақта кім болатынын тіпті ойланған да жоқ. Әкесінің жолын Алиасқардың екі әпкесі де жалғастырды. Олардың үлкені облыстық төтенше жағдайлар департаментінде қызмет етсе, екіншісі жұбайымен бірге Астана қаласының азаматтық қорғау гарнизонында қызмет істейді. Осылайша тату отбасының тірегі, өртке қарсы қызметтің подполковнигі Н.Алашбаев өз үлгісімен кәсібіне деген сүйіспеншілікті ұл-қыздарына дарыта білді.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП