Газ тапшылығы мәселесіне жол берілмейді
Жамбыл облысына арнайы іссапармен келген ҚР Энергетика министрінің орынбасары Құдайберген Арымбек Тараз қалалық Ы.Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйінде халықпен кездесті. Жиында Құдайберген Арымбек Қазақстан үшін атом энергетикасын дамыту ісіне көптің назарын аударды. Оның айтуынша, атом электр станциясының құрылысы энергия тапшылығы мәселесін шешіп қана қоймай, қазба отынына тәуелділікті азайтуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Бұл ретте вице-министр атом электр станцияларының қауіпсіздігі мен экологиялық тазалығына байланысты барлық мәселелер мемлекеттің мұқият бақылауында екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Құдайберген Берікұлы жиын барысында елдегі отын-энергетикалық кешеннің қазіргі жағдайы мен елді мекендерді газдандыру жайын кеңінен әңгімеледі. Сонымен қатар, электр және жылумен жабдықтауды іске асыру және халықты мұнай өнімдерімен, сұйытылған мұнай- газбен қамтамасыз ету ісіне қатысты жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы да айта келіп, бүгінгі күні Әулиеата өңірі жаңартылатын энергия көздерінің қуаты бойынша республикада көш басында тұрғанын атап өтті.
Өңірде жалпы қуаты 560 мегаваттан тұратын 21 жаңартылатын энергия көздерінің объектісі бар. Оның ішінде, қуаты 270 мегаваттан асатын 6 күн электр стансасы, қуаты 275 мегаватқа тең 10 жел электр стансасы және қуаты 14 мегаватт болатын 5 су электр стансасы жұмыс істейді. Облысты газдандыру деңгейі еліміз бойынша жоғары көрсеткішке ие және бұл 91,1 пайызды құрайды. Соның нәтижесінде облыста 1 миллион 113 мың адам табиғи газға қол жеткізді.
Биыл республикалық бюджеттен 11 жобаны іске асыруға 7,1 миллиард теңге қарастырылды. 2025 жылға арналған республикалық бюджеттің жобасын қалыптастыру шеңберінде өңірде жүзеге асырылып жатқан 3 жобаны аяқтауға 10,7 миллиард теңге мөлшерінде қаражат қаралған, – деді вице-министр.
Жиын барысында қала тұрғындары Юра Чернагоров, Таубай Серікбайұлы және басқа да азаматтар өз көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Қойылған сұрақтардың қатарында өңірдегі электр энергиясының жетіспеушілігі, АЭС салудың еліміз үшін қауіпті, қауіпсіздігі емес пе, газ тапшылығы мен жанар-жағармай бағасының қымбаттығы және оның облысқа аз мөлшерде бөлінуінің себептері айтылды.
Аталған сұрақтарға жауап бере келе, жанар- жағармай мәселесіне тоқталған Құдайберген Берікұлы облыста 245 май құю стансасы жұмыс істеп тұрғанын айтты. АИ-92 маркалы бензинінің 7 күнге шақталған 7,4 мың тонна қоры қалыпты. Аи-95-тің 8 күнге 1,95 мың тонна, дизель отынының 16 күнге 11,25 мың тонна қоры бар көрінеді. Облыс бойынша АИ-92 маркалы бензиннің орташа бағасы 1 литр үшін 203 теңге болса, АИ-95 маркалы бензиннің 1 литр бағасы – 265 теңге. Ал, дизель отынының 1 литрі 285 теңге тұрады. Вице-министр бүгінгі таңда облыс аудандарын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету және шекті бағаларды сақтау жұмыстары тұрақты бақылауда тұрғанын жеткізді.
Сондай-ақ, Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге күзгі дала жұмыстарына дизель отынын жеткізу бойынша мұнай өңдеу зауыттарымен әр облыста арнайы кесте бекітіпті. Қазіргі таңда республика көлемінде ауылшаруашылық тауарын өндірушілер үшін қажеттілік 355,2 мың тонна болса, оның ішінде біздің облысқа тиесілі қажеттілік – 11,4 мың тонна.
Сонымен қатар, «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде «Е-өтініш» электронды жүйесі құрылғанын да атап өткен жөн. Бұл жүйе – азаматтардың барлық өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы. Осы жүйе арқылы кез келген уақытта сауал жолдауға мүмкіндіктеріңіз бар, – деді вице- министр.
Бұдан кейін Құдайберген Арымбек негізгі мәселелер бойынша өтініштер мен ұсыныстарды тыңдап, өңір тұрғындарын толғандырған сұрақтарға жауап берді. Кездесуден кейін жеке қабылдау өткізді. Соңынан өңірлік БАҚ өкілдері қойған сұрақтарға жауап берді.
Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында Құдайберген Арымбек «ТаразЭнергоОрталық» АҚ мен «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» акционерлік қоғамында болып, жұмысшыларымен кездесті.
Марат ҚҰЛИБАЕВ