Әдебиет

Талаптыда таланттар тоғысқанда

Асылында, адам баласының қалыптасуында туған жерінің түйір тасының да үлесі бар. Жер жәннаты – Жуалы да қазақ халқына он екі бірдей генерал мен ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлын, шындық шырақшысы Шерхан Мұртаза сияқты тұлғаларды түлеткен киелі мекен ретінде танылған. Әсіресе, бүгінде қалам ұстаған қауымның піріне саналып, есімі халық танымынан терең орын алып, ұлт пен ұрпақ тәрбиесінде рухани темірқазыққа айналған Шерхан Мұртаза есімін өскелең ұрпақ өз биігінде дәріптеуде. Осы мақсатта 28 қыркүйек – мемлекет және қоғам қайраткері, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның туған күніне орай тұлғаның өзі тұрған Талапты ауылындағы шаңырағында «Түсіме ылғи Мыңбұлақ кіреді» атты ашық аспан астындағы әдеби-сазды кеш өтті. Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты. Сондай- ақ, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ақын Ерлан Жүніс бастаған жас қалам иелері болды.

Қазақ әдебиетінің классигі Шерағаңның шығармаларын дәріптеп, туған жерден түлеп ұшқан жас қаламгерлердің шығармашылығына қолдау білдіруді мақсат тұтқан әдеби кешті белгілі жас ақындар Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұржан Қадірәлі мен «Авангард» поэтикалық жобасының авторы Арайлы Жақсылық жүргізіп отырды. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері, актер Жүніс Әлімбеков пен әнші-композитор Әбиірбек Тінәлиевтің орындауында «Шер-Хан» қойылымының үзіндісімен басталған кеште жиналғандар жазушының музей- үйінің ауласында алау жағып, қаламгер шығармашылығы туралы ой бөлісті. Мұнан соң жергілікті жас ақындар Шераға рухына арнаған жырларын тарту етті.

Шерхан Мұртаза әнді де ерекше ұнатқан тұлға. Бұл туралы жазушы Жүсіпбек Қорғас бек: «Әкім Тарази алпыс жасқа толып, соны атап өтуге кетіп бара жатқанбыз. Шерағаң жұмыста қамаудағы арыстандай күркіреп жүрсе, сапарға шыққанда ормандағы аң патшасындай дүркіреп жүреді. Татарша әнді бір қайырып, әзіл-қалжыңды екі қайырып, айналасын да арқаландырып т аст айды», – деп е стелік қалдырған. Әдеби-сазды кеште ой-пікірлерден соң гитараның сүйемелдеуімен жастар жанды дауыста ән шырқап, күзгі атмосфераның ауанын қалыптастырды. Өз сөзінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңір руханиятының дамуында жастардың айшықты үлесі бар екендігіне баса назар аударды.

Осыдан соң бір топ шығармашыл жас елордадан арнайы атбасын бұрып келген ақындар Ерлан Жүніс пен Олжас Сәндібектің өлеңдерін жатқа оқыды.

Бұдан соң Ерлан Жүніс, Олжас Сәндібек, Жұматай Көксубай, Нұржан Әліш, Хамит Есаман, Тұрсынбек Сұлтанбек, Әлімжан Шөңгербай секілді кеш қонақтарынан қонақкәде сұралды.

Ақын Ерлан Жүніс Тараз туралы:

«Қарсы алып, шығарып сап тұрар шаһар,

Ақ шаһар, сағым шаһар, мұнар шаһар,

Бәрі өткен, өткендерді күзетеміз:

Өтпейді Тараз ғана – біз өтеміз!..», – деп «Ғасырлар тәжі» поэмасынан үзінді оқыса, Олжас Сәндібек туған жерге сағынышын:

«Тірлікте мынау тиындай құн қалмағанда,

Алты қаздайын айналып жыр қонбағанда.

Таразға барып қайтайық осы көктемде,

Барып қайтайық күзде де тым болмағанда», – деген өлең жолдарымен жеткізді.

Сондай-ақ, әдеби кеште Нұрсұлтан Рахымбай, Ғалия Абылай, Назерке Оңғар, Ғайникен Маралтай, Шолпан Рахымбердиева, Марал Хантөреқызы секілді шығармашыл жастар жырдан шашу шашты. Кеш соңында тұщымды ой- пікір білдіріп, өлең оқып, белсенділік танытқан қаламгерлер мен қонақтарға ұйымдастырушылар тарапынан естелікке кітаптар, сый-сияпаттар тарту етілді.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Жуалы ауданы