Әлеумет

Қарулы күштердің дайындығы пысықталды

Аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілері облыстық полиция департаментінің бөлімшелерімен бірлесіп, «Бекет-2024» ведомствоаралық кешенді оқу-жаттығу аясында Жаңа Жамбыл фосфор зауытына жасалған шартты шабуылға тойтарыс беріп, маңызды стратегиялық нысанға оқу-жаттығу өткізді. Айта кету керек, облыста мұндай 160 маңызды нысан бар.

Аталған зауыттың нысандарын басып алу және ықтимал зақымдау қаупі туралы ақпарат алған сәттен бастап облыстың аумақтық қорғаныс бригадасының басшылығы мен кәсіпорынға кіре берісте блок-пост және оның периметрі бойынша күзет бекеттері қойылды. Аумақтық қорғаныс бригадасының құрамына әскери міндеттілер кірді. Олар жуырда жиынға шақырылып, «Бекет-2024» оқу-жаттығуы барысында іс жүзінде өз іс-әрекеттерін пысықтады.

Оқу-жаттығуға қауіптің бетін қайтаруға қажетті Әскери техниканың бірнеше түрі жұмылдырылды. Сонымен қатар, шабуыл барысында шартты түрде жарақат алған сарбаздарға дер кезінде медициналық жедел жәрдемнің қызметкерлері көмек көрсетті. Өрт сөндіру қызметінің жұмысы да оқу-жаттығу барысында пысықталды. Іс-шара облыстық полиция департаментінің «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесі мен әскери қызметшілерінің үйлесімді іс-қимылдары заңсыз қарулы құрылымдар тобы зауытқа шабуыл жасаған жағдайда тойтарыс бере алатынын байқатты.

Ел ішіндегі тыныштық пен қорғаныс қызметкерлерінің кез келген жағдайға әзірлігін шыңдауды мақсат еткен іс-шара қорытындысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі екенін айтты.

Өздеріңізге мәлім, осы жылдың 23 қыркүйегінен бастап облыста «Бекет-2024» оқу-жаттығуы аясында облыстың аумақтық бригадасының Тараз қаласындағы аумақтық қорғаныс бөлімшелерінің жеке құрамының т арапынан «Тараз-2024» тексеру жиыны өткізілуде. Бүгінгі тактикалық оқу- жаттығудың өзі еліміздің қауіпсіздігі жолында сарбаздарымыздың кез келген сәтке дайын тұруға әзір екендігіне көз жеткізді. Соңғы кездері әлемде болып жатқан түрлі оқиғалар, террорлық актілер бізді алаңдатпай қоймайды. Сондықтан біздің әскеріміз жоғары дайындықта болуы тиіс. Отанымызды сіздерге мемлекет мүддесін жіті қорғау, Ұлттық қауіпсіздік пен еліміздің ішкі тұрақтылығының сенімді кепілі болуда сеніп тапсырды. Бұл сіздерден жоғары машықты ғана емес, қайсарлықты, батылдықты, шынайы патриотизмді талап етеді, – деген облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы абыройлы парызын адал атқарып жүрген қорғаныс саласының қызметкерлеріне, жауынгерлер мен сарбаздарға алғысын білдірді.

Жаттығу барысында, сондай-ақ Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы тарапынан қару-жарақ пен әскери техникалардың көрмесі қойылды. Тактикалық жаттығуға облыстық полиция департаментінің «Алаң» бронь техникасы қатысты. Оқу- жаттығу соңында ел тыныштығын күзетуде жауапкершілікпен қызмет етіп жүргендер марапатталды.

Облыста «Бекет-2024» оқу-жаттығуы басқа шартты кіріспелермен жалғасады. Оның аясында орталық мемлекеттік органдар мен күштік ведомстволардың өкілдері ведомствоаралық өзара іс-қимылды пысықтауға мүмкіндік алады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА