Мәдениет

«Қола домбыраға» жолдама

Елдің болашағы жас ұрпақтың қолында десек, бұл сөздің өнерге де тікелей қатысы бар. Кейінгі жылдары қазақ халқының төл өнері – айтысқа деген жанашырлық жақсарып келеді. Оқушылар арасында республикалық «Жыр алыбы – Жамбылым!», «Ақберен» байқауының «Айтыс» аталымы бұрыннан бар болатын. Енді белгілі айтыскерлер, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев пен Астана қаласындағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің деканы Серікзат Дүйсенғазиннің бастамасымен «Қола домбыра» республикалық оқушылар айтысы жобасы қолға алынып жатыр.

Міне, осы республикалық «Қола домбыра» айтысының облыстық іріктеу кезеңін ақын, сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдық мерейтойына орайластырып, облыс әкімдігі білім басқармасы мен облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер орталығы» мекемесі бірлесіп ұйымдастырды.

Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық Мәдениет үйінде өткен іс-шараны облыс әкімдігі білім басқармасы мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс- шаралар өткізу орталығының директоры Балдай Ертуғанова және ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қасқырбай Нарбатыр ашып, жасөспірім ақындарға сәттілік тіледі. Доданы белгілі айтыскер Әсет Дүйсебай қызықты да әсерлі жүргізді.

Ақын, Мәдениет саласының үздігі Қасқырбай Нарбатыр басқарған қазылар құрамында мүйізі қарағайдай айтыс ақындары Алтынкүл Қасымбекова мен Ербол Қамбатыр отырды. Сарысулық айтыскер Талғат Құсайынов, жастар арасында танымал жүйрік Нұрлыбек Құрманов та осы тараптан табылды.

Айтыс шымылдығы таластық Әсемай Сейдакбарова мен байзақтық Балнұр Ибрагим арасындағы жыр додасымен түріліп, өзара жарасымын тапты. Әсемай: «Балнұрдай құрдасыма бұрылайын, Жүрегің біздің сөзге жылына ма? Шүкіршілік тап болдым Байзағымның, Өзіңдей балына да, нұрына да» десе, Балнұр өз ауданы туралы жырлай келіп: «Сарыкемер сырты сары үйлер салып, 250 жанды қамтып жатыр» деп туған жерінің жетістігін жырлай білді. Мұнан соң меркілік Назгүл Ерланқызы мен Жамбыл ауданынан Мерей Жамалбектің үйлесімді айтысына куә болдық. Назгүл: «Шона атаммен мақтанған сіздер дана, Қабыл болсын ел-жұрттың шын дұғасы. Қазақтың әр аймағын аралап жүр, Шона ақынның ерекше шымшымасы», деп тақырыпты аша білді.

Көпшілік Шудан келген Жомарт Александрға көбірек үміт артқан болатын. Алайда, ол таластық Нұрайым Боранбаймен орта деңгейдегі айтыс жасады. Тақырыпты жақсы жырлағанымен, қарсыласпен нақты жауаптасуға келгенде Жомарт Александр есе жіберіп жатты. Соны байқаған Нұрайым: «Сәт ағай, Бақытбек пен Нұрлан ақын, Сөздері айтыстарда өте құнды. Жомарт сен жақсы жырмен дәлелдеп көр, Ақындар ауылынан екеніңді» деп қамшылап отырды. Жомарттың киімі, дауысы, сахнадағы отырысы жарасымды болғанын айта кеткен жөн.

Бұл айтыстың көркін тараздық Інжу Жаңабай мен Жамбыл ауданынан келген Жанерке Қамбар қыздырды. Жанерке тақырыпты ашуға барынша күш салып, әсерлі жырлады. Ал, Інжу: «Әпке сендей көргенде сұлу қызды, Қозғалып тас та тыныш тұрмайтындай. Тамылжыған әсерлі шумағыңды, Таудың өзі тамсанып тыңдайтындай» дей келе: «Шона атамның бұл тойы құтты болсын, 50 жыл ана тіл деп шырылдаған» деп тақырыпты қозғап өтті.

Ақтық сында Інжу мен Жомарт, Нұрайым мен Жанерке өрелі айтыс жасады. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Інжу Жаңабайға беріліп, республикалық «Қола домбыра» айтысына жолдама алды. Жүлделі бірінші орынға таластық Нұрайым Боранбай лайық деп танылса, шулық Жомарт Александр екінші орын және 20 күн бойы республикалық лагерьдің тегін жолдамасын иеленді. Үшінші жүлде Жамбыл ауданынан келген Жанерке Қамбарға бұйырды.

 

Есет ДОСАЛЫ