Жаңа технологиялар жетістікке жетелейді
Еліміздің цифрлық саладағы жұмысы жыл сайын жақсарып келеді. 2022 жылы IMD цифрлық бәсекеге қабілеттіліктің әлемдік рейтингінде еліміз 64 мемлекеттің арасында 36-орынды иеленсе, былтыр екі сатыға көтеріліп, 34-орынға шықты. Өңіріміздің де цифрлық дамуындағы жетістіктер аз емес. Бүгінде облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасының басшылығымен соңғы жылдары облыстың білім, денсаулық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы мен құқық қорғау органдары секілді бірқатар салаларда тиімді жұмыстар атқарылуда.
Облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасы ақылды қалалар (Smart City) эталондық стандарты, байланыс, өңірлік геоақпараттық порталы жобалары бойынша жұмыстарды жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда 367 елді мекеннің 50-і – 3G төмен жылдамдықты мобильді интернетімен, 248 елді мекен – жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етілген. Ал, талшықты оптикалық байланыс желісімен 371 елді мекеннің 199-ы қамтамасыз етілген. «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасына сәйкес 2023-2024 жылдары «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС 68 елді мекенде тиісті 4G базалық станциясын орнату жұмыстарын жүргізуде. Бүгінге 18 елді мекенде тиісті жұмыстарды аяқтады. Сондай-ақ, «Кселл» акционерлік қоғамы 2003-2024 жылдарға жоспарланған 51 елді мекеннің 26-да тиісті жұмыстарды аяқтады. Ал, «КарТел» ЖШС 2023-2024 жылдары жоспарланған 61 елді мекеннің 31-інде тиісті жұмыстарды жүзеге асырды. Ұлттық жоба аясындағы жасалынған Жол картаға сәйкес облыстың Жергілікті атқарушы органдар есебінен антенна-діңгек құрылысымен және электр желісімен қамтамасыз еткен жағдайда 4G мобильді байланысымен 23 елді мекенді сапалы байланыспен қамтамасыз ету жоспарланған.
Ұлттық жобаға сәйкес, талшықты-оптикалық байланыс желісімен 2027 жылға дейін облыстың 170 елді мекені және елді мекендерде орналасқан 455 мемлекеттік мекемені қамту жоспарда. Бұл бағытта биыл 30 елді мекен, 144 мемлекеттік мекеме қамтылса, келесі жылы 86 елді мекен, 204 мемлекеттік мекемеде байланыс желілері орнатылмақ.
Сондай-ақ, «Соңғы мильді» субсидиялау арқылы, жалпы 120 елді мекенді қамту жоспарланып, ұлттық жобаға сәйкес биыл облыста Шақпақата-Отар бағытындағы республикалық маңызы бар автожол бойына 7 антенна-діңгек құрылысын соғу жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге Жуалы мен Меркі аудандарында бір антенна-діңгек, Қордай ауданы бойынша 3, Т.Рысқұлов ауданы бойынша 2 діңгек орнатылды.
Тараз қаласының табиғи монополия субъектілерінің қызметтерін автоматтандыру арқылы халыққа қызмет көрсету үрдісін оңтайландыруды мақсат еткен бастаманың бірі – IQala жобасы. Жоба басқару жүйесі мен әдістерін жетілдіру, кеңістіктік ақпаратты басқарудың соңғы инновациялық технологияларын пайдалана отырып, қызметтерді көрсетуді үйлестіру мен бақылаудың тиімді тетіктерін қолдануды жүзеге асырады. Президенттің елордалық iQala қызмет көрсету орталығының өңірлердегі оң тәжірибесін масштабтау жөніндегі тапсырмасы негізінде қолға алынған бастама аясында «Тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық» модулін енгізу арқылы облыстың өңірлік геоақпараттық жүйесі алаңында 15 қызмет автоматтандырылған. Аталған қызмет түрлері е-jambyl.kz арнайы платформасына топтастырылды. Енгізілген сервис қала тұрғындарына кеңес алуға және көптеген коммуналдық қызметтер бойынша бір жерде, ұйымдарға бармай-ақ өтінім беруге және үйден шықпай-ақ шарт жасасуға мүмкіндік береді. Қызметке жылу және электр энергиясымен жабдықтау, сумен жабдықтау және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша қызметтер көрсетуге шарт жасасу кіреді. Қызмет түрлерінен бүгінгі күнге дейін 54 өтінім қабылданған. Оның ішінде 27 өтінім жұмыс барысында болса, 18 өтінім қабылданып, 9 өтінім кері қайтарылған. Табиғи монополия субъектілері көрсететін электронды қызметтердің халық арасында кең таралуы мақсатында мемлекеттік мекемелер және ТМС ғимараттарында бейнеролик жариялап, баннер орналастырылды.
Еліміздегі саясаттың ашықтығын қамтамасыз етіп, цифрландыру саласында сең жүргізген Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы екені баршаға мәлім. Мемлекет басшысының бұл бастамасы қоғамдағы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тапты. Осыдан бастап билік пен бұқара арасын жақындата түсетін тетіктер қарастырыла бастады. Соның бірі – Мемлекет басшысының хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында Астана қаласында «IKOMEK» Бірыңғай диспетчерлік қызметінің құрылуы болатын. Халықтан түсетін өтініштерді қабылдап, шешімін табуға бағытталған қызмет тәжірибесі 2019 жылдан бастап Тараз қаласында «Jambyl 109» деген атаумен жалғасын тапты. Ал, бір жыл өткен соң облыс әкімінің бұйрығына сәйкес, «Jambyl 109» қызметінің аймағын өңір бойынша кеңейтудің жол картасы әзірленіп, қызметтің регламенті кеңейе түсті.
«Jambyl 109» қызметі – «109» қысқа нөміріне қоңырау шалу арқылы облыс тұрғындары мен қонақтарының тұрмыстық сипаттағы жергілікті коммуналдық қызметтер мәселелері бойынша түрлі байланыс құралдары арқылы өтініштерін қабылдау, өңдеу және облыстық мемлекеттік мекемелермен бірлесе отырып өтініштердің орындалуын жүзеге асырады. Сондай-ақ, бірыңғай диспетчерлік қызмет сумен жабдықтау, қоғамдық даму, жол инфрақұрылымы, қаланы электр қуатымен жабдықтау, құдықтар мен люктер, өндірістік жұмыстардан кейін қалпына келтіру жұмыстары, аула аумағын абаттандыру, қоғамдық көлік, көшені жарықтандыру және білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй жөндеу жұмыстары, аудан тұрғындарының тұрмыс тіршілігін қамтамасыз ету бойынша барлық сала түрлері жіктеліп жүйеге енгізілген. Қазіргі таңда жүйеге қосымша мәртебелер енгізіліп, жауапты мекемелердің өтініш бойынша жасалған жұмыстарын көрсете білулеріне ыңғайландырылды. Облыс бойынша жүйенің басқару панеліне мекемелер туралы ақпараттар енгізіліп, жауапты мамандар тағайындалды. Панель қызметіне қосымша мәртебелер енгізіліп, пысықталды. Өз кезегінде атқарылған тиімді жұмыстардың оң нәтижесінде «Jambyl 109» қызметі облыстың кез келген нүктесінен өтініштерді қабылдауға қол жеткізді. Облыс бойынша «Jambyl 109» бірыңғай коммуналдық диспетчерлік қызметі құрылған сәттен бастап 269 585 өтініш қабылдады. Оның ішінде, алғашқы жылы тұрғындардан 8 623 өтініш түсіп, күніне 50-80 қоңырау қабылданды. Бұл көрсеткіш COVID-19 жедел штабы кезеңінде он есеге артып, күніне 500-700 қоңырау түсіп отырды. Пандемияға байланысты жарияланған карантин кезінде «Jambyl 109» қызметі 24/7 режимінде демалыссыз халыққа қызмет етті. Өтініштердің басым көпшілігі Call-орталыққа хабарласу арқылы іске асты. Ол арқылы 69 790 қоңырау қабылданды. Сонымен қатар, «WhatsApp» мессенджері, «Instagram», «AIKEY» мобильді қосымшасы, «Facebook» және «Telegram» чат боты арқылы өтініштер қабылданды.
Диспетчерлік қызметтің деректеріне сүйенсек, аймақтар бойынша ең көп өтініш Тараз қаласынан түскен. Мұндағы қызметке жүгінген тұрғындар саны 70 мыңнан асып түседі. Бұдан кейінгі кезекте қалаға жақын орналасқан Жамбыл, Байзақ аудандары жайғасқан. Тізім соңын шалғайдағы Мойынқұм ауданы түйіндеген. Өтініш берушілердің басым көпшілігі лифт қызметі, қоғамдық көлік, жол инфрақұрылымы, көше жарығы, сумен қамтамасыз ету, ветеринариялық қызмет, жарықпен қамтамасыз ету мәселелерімен жүгінуде. Халықтың өтінішімен биліктегілерді құлағдар еткен жүйенің жетістігі де жоқ емес. Өтініштердің орындалу барысы бойынша тиісті органдарға сурет пен бейнежазба тіркемелер міндеттеліп, тұрғындарға жасалып жатқан жұмыс сапасын көрсету мақсатында әлеуметтік желілерде «дейін/кейін» айдары жасалып келеді. Атқарушы органдарды халықпен байланыстыратын берік көпірге айналуды мақсат тұтқан «Jambyl 109» қызметі құрылған жылы 69 мекемемен байланыс орнатқан болса, бүгінде 320 мекемемен тығыз жұмыс істейді.
Соңғы жылдары өңірде цифрландыру бойынша орасан зор жұмыс жүргізілді деп айтуға болады. Мысалы, полицияның жедел басқару орталығына біріктірілген және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесетін бейнебақылау жүйесі дамып келеді. Бүгінде Т.Рысқұлов атындағы саябақты және «Көне Тараз» кешенін жалпы бейнебақылау камералармен «Freedom Telecom» жеке компаниясының инвестициялық жобасы аясында қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Саябақта 10 бейнебақылау камерасы және кешенде 10 бейнебақылау камералары жыл соңына дейін орнатылып бітетін болады. 200 миллион теңгені құрайтын жобаны жыл аяғына дейін «Freedom Telecom» ЖШС есебінен техникалық қолдау қарастырылған.
Cондай-ақ, Тараздың қоғамдық көліктерін электрондық билеттеу жүйесі енгізілген болатын. Сол бойынша автобустарда стационарлық терминалдар орнатылып, жүргізушілер мен кондукторларға мобильді терминалдар берілген. 2022 жылдың басынан бастап бүгінгі күні «TulparCard» билеттеу жүйесі бойынша 14 миллион 758 мыңнан астам сапар жасалып, жалпы санының 98 пайызын құраған. Облыс орталығында «ақылды» аялдамалар пайда болды, сол арқылы біз маршруттық автобустың келуін бақылай аламыз. Көлікті басқарудың автоматтандырылған жүйесінің арқасында біз табыстың ашықтығын, бюджетке түсетін түсімдердің ұлғаюын қамтамасыз ете алдық. Соның нәтижесінде, 80-нен астам жаңа автобус сатып алынды. Тараздың бұрын автобустар жүрмеген аудандарында жеті жаңа бағыттар пайда болып, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған 2GIS картографиялық жүйесі іске қосылды.
Цифрландыру өңірдің өзге де салаларына серпін берді. Мәселен, білім беру саласында облыста «Ата-ана бақылауы» пилоттық жобасы іске қосылған болатын. Жоба аясында мектептерде орналастырылған турникеттер арқылы биометриялық (Face ID) жеке параметрлерді пайдалану мүмкіндігі пайда болды. Сонымен бірге, мектеп асханасындағы түскі ас үшін қоғамдық көлікте пайдаланылатын «ТulparСard» арқылы төлеу жүйесі енгізілген. Бұдан бөлек, ата-аналарға баланың автобустан шығып, мектепке кіріп, асханада төлеп, үйіне оралғаны туралы хабарлауға мүмкіндік беретін мобильді қосымша әзірленген. Бұл бағытта жақында ғана өткен «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбындағы педагогтердің дәстүрлі тамыз кеңесінде өңір басшысы да балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жаңа технологиялардың маңыздылығын айтып өткен болатын.
Биыл облыстағы білім беру нысандарының қауіпсіздігіне 1,4 миллиард теңге бөлінді. Барлық білім ұялары 100 пайыз бейнебақылау камераларымен қамтылды. Қазіргі таңда аналогтық бейнекамераларды цифрлық бейнекамераға ауыстыру жұмыстары қатар жүруде. 594 білім беру ұйымының 68,4 пайызы интеграцияланған, 80,5 пайызы дабыл түймесімен жабдықталған. Бұдан бөлек, 75,5 пайызы мамандандырылған күзет қызметімен және турникетпен қамтамасыз етілген.
Жастарды қолдау мақсатында облыс орталығында Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институты жанындағы бағдарламалау мектебі жұмыс істейді. Мұнда IT-технологияларды оқушылармен қатар барлық жастағы ересектер де оқи алады. Өткен жылы облыстың қолайлы экономикалық және инвестициялық ахуалын дамытуға ықпал етуге бағытталған «Zhambyl Investment and Economic Forum – 2023» атты халықаралық форумының цифрландыру бағыты бойынша аталған IT академиясының бірқатар жұмыстары қонақтар назарына ұсынылған болатын.
Келушілерге ұсынылған жобалардың бірі – «New STEP project». Аталған жобаны Тараз инновациялық институты «Педагогика» факультетінің «Шетел тілдері» кафедрасының оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Г.Байғазиева бастаған «Шетел тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша білім алып жатқан 3-курс студенттері әзірлеген. Ана тіліміздің деңгейін көтеру, білім алып жатқан студенттердің бойында ғылым, білім жолында ізденушілік қасиет қалыптастыруды мақсат тұтқан жобаны іске асыру барысында команда жетекшісі мен мүшелері QazInnovations және AstanaHub өткізген стартап бойынша онлайн оқуға қатысып, стартап конкурсында 30 ІТ бизнес-идея ішінен ең үздік 10 жобаның ішіне еніп, қаржылай сыйлыққа ие болған. Келесі жоба «Толағай» жөргектер бренді жапондық технологиямен жасалған. Сұйықтық жайылып кетпейтіндей әрі гипоаллергенді етіп жасалған өнім ерекше балаларға және басқа да барлық балаларға бағытталған сертификатталған өнім. Жоғары оқу орнында бұдан бөлек, «Huawel» ICT Academy» заманауи технологиялық проектілерді іске асыруға бағытталған жобасы іске асырылады.
Сонымен бірге, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі де «Робототехника» саласында бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Өткен жылы жоғары колледжінің «Ctrl C» командасы Халықаралық Тараз инновациялық институтында өткен бірінші аймақтық «ITII HACKATHON-2023» форумында «Chinese.kz» білім беру орталығы ұсынған «Шетелде оқуға арналған платформа» №4 кейс бойынша жүлдені жеңіп алған болатын.
Жаңа технологиялардың өмірімізге дендеп енуі де басты фактор саналады, онсыз бүгінде күнімізді елестету қиын. Қоңырау шалу, азық-түлік пен қызметтерге тапсырыс беру, билеттерді брондау, цифрлық қолтаңбаны пайдалану, нотариалдық қызметтерді алу секілді түрлі қолжетімділіктер өміріміздің айнымас бөлшегіне айналды. Мұның бәрі мемлекеттің тиімді саясаты мен бизнес-құрылымдардың жұмысын цифрландырудың нәтижесі саналады.
Руслан НОҚРАБЕКОВ,
облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы.