Денсаулық

Адамзат амандығы үшін күнделікті күрес

Қыркүйек айының үшінші сенбісі халықаралық хирургтар күні ретінде аталып өтіледі. Адам өмірі үшін ажалмен арпалысып, қатермен бетпе-бет келетін бұл мамандардың еңбегі өлшеусіз.

Еліміздің денсаулық сақтау саласында бүгінде екі мыңға жуық хирург халықтың денсаулығы үшін қызмет етеді. Ал, өз еліміздегі медициналық жоғары оқу орындары жыл сайын жүзден аса жас мамандарды дайындап шығарады. Біздің облыста жалпы 138 хирург дәрігер жұмыс істейді.

Адам өмірін аурудың құрсауынан арашалау мақсатында еңбектеніп жүрген хирургтарды кәсіби мерекелерімен құттықтаған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жыл сайын 160 мыңға жуық жоспарлы және шұғыл операциялар жасалатынын айтты.

Халықты қолжетімді және сапалы хирургиялық көмекпен қамтамасыз ету үшін министрлік стандарттарды, жалпы нормативтік базаны жақсартып, прогрессивті медициналық технологияларды енгізуге, ауруханаларды жаңа жабдықтармен қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Қазақстан хирургиясында аз инвазивті араласулар, роботтандырылған жүйелер және эндоскопиялық техника белсенді енгізілуде. Операциялық блоктар оталарды ең аз жарақаттаумен және жоғары дәлдік деңгейімен жүргізуге мүмкіндік беретін жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған.

Бүгінде Қазақстан «ашық жүрекке» күрделі операция жасауға қабілетті әлемнің 22 елінің қатарына кіреді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА