Аурудан қорғанудың маңызы орасан
Гепатит – бауырдың қабыну аурулары. Олар бірқатар себептерден туындайды, олардың бастысы – вирустар. Көбінесе аурудың себебі болуы мүмкін үш түрі тіркеледі, олар «А», «В» және «С» гепатиттердің вирустары. Бұл ретте, әртүрлі гепатиттердің клиникалық көріністерінде көптеген ұқсастықтар бар. Бірақ, бұл инфекциялардың берілу жолдары мен түпкі нәтижелері әр түрлі.
Аурулардың нәтижелері де әртүрлі, мысалы «А» гепатиті жедел инфекция ретінде жүреді және созылмалы түрге өтпейді. Бірақ, жедел вирустық «В» гепатитінің шамамен 15 пайызы және жедел вирустық «С» гепатитінің 70 пайыздан астамы созылмалы түрге өтеді.
«А» гепатитінің вирусы негізінен ластанған су, тамақ және лас қолдар арқылы таралады. Инфекция ауру адам жанасқан ыдыс-аяқ, тұрмыстық заттар арқылы жұғуы мүмкін. Яғни, бұл гепатитті әдеттегі «лас қол ауруы» десек те болады. «А» гепатитінің инкубациялық кезеңі, яғни вирустың адам ағзасына енуімен симптомдар пайда болғанға дейінгі уақыт 7 күннен 50 күнге дейін, көбінесе 15 күннен 30 күнге дейін созылады. «В» және «С» гепатиттері парентеральды жолмен беріледі, яғни науқастан сау адамға қанды немесе оның компоненттерін құйған кезде, жеткіліксіз зарарсыздандырылған медициналық құралдар арқылы беріледі. Вирустар денеге зақымдалған тері мен шырышты қабаттар арқылы татуировка жасағанда, басқалардың ұстара және маникюр керек-жарақтарын, тіс щеткаларын және басқа да жеке гигиена заттарын қолданғанда беріледі. Вертикальды жолмен де, яғни инфекция жұқтырған анадан балаға, көбінесе босану кезінде берілуі де мүмкін.
Бұл гепатиттердің инкубациялық кезеңі, яғни вирустың адам ағзасына енуінен симптомдардың пайда болуына дейінгі уақыт 20 күннен 150 күнге дейін, көбінесе 15 күннен 30 күнге дейін созылады.
Осы вирустық гепатиттердің екеуі вакцинамен басқарылады, яғни вакцина егіп инфекциядан қорғауға болады. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, «А» гепатитіне қарсы жоспарлы егулер 2 жастағы балаларға екі рет жүргізіледі. «В» гепатитіне қарсы екпе туылғаннан кейін бірден жасалады. Барлық жаңа туылған нәрестелер перзентханада инфекцияға қарсы алғашқы екпелерін және одан әрі 2 дозасын 2 айда және 4 айда алуы керек. Бұл иммундау курсы ұзақ мерзімге тұрақты иммунитетті қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Биылғы 8 айда «А» гепатитінің 87 жағдайы тіркелді. Оның 64 пайызын осы инфекцияға қарсы екпе алмаған 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. «В» гепатитінің 1 жағдайы және «С» гепатитінің 3 жағдайы анықталды.
«А» гепатитінің берілу жолын ескере отырып, балалар мен жасөспірімдер, ересектер арасында тазалықты, жеке гигиена ережелерін сақтау өте маңызды. Азық-түлікке немқұрайлы қарауға болмайды. Көкөністер мен жемістерді мұқият жуғаннан кейін тұтыну керек.
Парентеральды гепатиттерінен қорғану үшін қарапайым ережелерді сақтау қажет. Атап айтсақ, басқа адамдардың гигиеналық заттарын, тіс щеткаларын, косметикалық жиынтықтарын, қырыну заттарын пайдалануға болмайды.
Бұл инфекциялардан қорғанудың тиімді жолы – екпе. Біздің облыста бүкіл елдегідей, «В» гепатитіне қарсы екпе 1998 жылдан, ал «А» гепатитіне қарсы екпе 2001 жылдан бері жүргізіліп келеді.
Нәтижесінде халық арасында, оның ішінде балалар арасында сырқаттанушылық бірнеше есе төмендеді. Мысалы, егуге дейінгі кезеңмен салыстырсақ, 2001 жылы «А» гепатитінің 2261 жағдайы тіркелсе, 2024 жылдың 8 айында «А» гепатитінің 87 жағдайы тіркелді, 26 есе төмендеді, «В» гепатитімен сырқаттанушылық 1998 жылы 928 жағдайдан ағымдағы жылы 1 жағдайға дейін төмендеді.
Жалпы, жыл сайын осы инфекциялардан облыста 23000-нан астам бала екпе алады. Бірақ өкінішке орай, ата-аналар екпеге әрдайым оң көзқараспен қарамайды, сондықтан бас тарту жағдайлары орын алуда.
Вирустық гепатит бүкіл әлемде кең таралған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, 500 миллионнан астам адам вирустық гепатитпен өмір сүреді және жыл сайын 1 миллионға жуық адам «В» гепатитінен немесе онымен байланысты асқынулардан қайтыс болады. Әр адам осы қауіпті және жоғары жұқпалы инфекциясымен кездесуі мүмкін.
Неили МУЛИКОВА,
облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары.